Түрлі есірткі заттарын үйінде сақтаған шымкенттік 3 жылға сотталды

Фото:
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкент қаласының Абай аудандық сотында 47 жастағы жергілікті тұрғынға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тәртіп сақшылары жедел іс-шаралар жүргізу барысында «Алаш» базары аумағында 1 келіге жуық есірткі затын сақтаған жергілікті тұрғынды құрықтаған болатын. Сондай-ақ оның тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында аса ірі көлемдегі есірткі заттары табылды.

«Жүргізілген сараптама нәтижесі күдіктіден алынған есірткі заты салмағы 997 грамды құрайтын кептірілген марихуана екені анықталды. Ал оның үйінен табылған қаптамаларға оралған заттар – 14 келі 822 грамм кептірілген марихуана, 466 грамм гашиш, 20 грамм тетрагидроканнабинол және 4 келі 112 грамм кептірілген марихуана болып шықты», - делінген Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Шымкент қаласы Абай аудандық сотының үкімімен күдікті Қылмыстық кодекстің 296-бабы 4-бөлігімен (Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Ол 3 жылға бас бостандығынан айырылды.


Соңғы жаңалықтар