ТүркПА өкілі Қазақстандағы алдағы сайлаудың ерекшеліктерін атады

None
Фото: haberturk.com
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) бақылаушылар миссиясының жетекшісі Реджеп Шекер елімізде 19 наурыз күні өтетін сайлаудың жаңашылдықтарына тоқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жаңа сайлау жүйесінде тек партиялар атынан емес, өз-өзін ұсынған үміткерлердің сайлауға кіретінін білдік. Бюллетендер санының артуынан да да Орталық сайлау комиссиясының жұмысы әлдеқайда көбейгенін көріп отырмыз.

Ерекше айтатын жайт – жаңа партиялардың келуі. Партиялардың тізімінде міндетті түрде 30 пайыз әйелдер мен жастар, мүмкіндігі шектеулі жандардан тұруы керектігі сияқты жаңа өзгертулер, жақсартулар бізді ерекше қуантты», - деді ол Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингіде.

Сондай-ақ ол бұл жолғы Мәжіліс құрамында Қазақстан халқы ассамблеясының атынан өкілдер болмайтынын ерекшелік ретінде атады.

«Тағы бір бізге ерекше ұнаған жайт, Қазақстан халқы ассамблеясының атынан тағайындалатын депутаттар Сенатқа өткендіктен енді Мәжіліс құрамы 100 пайыз халық таңдаған депутаттардан тұратын болды.

Тәуелсіз түрде өз-өзін ұсынған 435 үміткердің тіркелуі де Қазақстан халқының сайлауға белсенділік танытатынын және сайлау нәтижелері Қазақстан халқының шын пікірін көрсететініне сендіреді. 62 шет елде 77 сайлау учаскесінің ашылуы да Қазақстанның бүкіл әлемдегі азаматтарының елдегі саяси іс-шараларға қатыса алуына мүмкіндік береді», - деді ТүркПа өкілі.

Миссия жетекшісі сайлаудың Наурыз мерекесіне дөп келуін жақсылықтың нышанына балады.

«Бұл сайлаудың дәл Наурыз мейрамының қарсаңында өткізілуі де ерекше жайт деп ойлаймын. Сайлау нәтижесі де артынан мейрамға ұласып, Қазақстан халқына да, түркі мемлекеттерінің халқына да тек пайдасын, жақсылығын тиігзсе деп тілеймін. Біз өте үлкен топ болып келдік. Миссиямыздың құрамында Түркиядан Астанада 2 адам, Алматыда 1 адам, Әзербайжанның атынан Астанада 2 адам, Қырғызстан өкілі де бізге қосылады. Және ТүркПА хатшылығының мүшелері де бар», - деді Реджеп Шекер.


Соңғы жаңалықтар