ТүркПА миссиясының референдумдағы байқаушылары Қазақстанға келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров республикалық референдумда байқаушы болатын Түркітілдес елдер Парламенттік Ассамблеясы миссиясының өкілдерімен кездесті. ҚазАқпарат бұл туралы Сенат сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Кездесуге Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының депутаты Режеп Шекер, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Сұлтанбекова, Әзербайжан Республикасы Милли Мәжілісінің депутаты Хикмет Маммадов, ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурея Эр қатысты.

Оның барысында ТүркПА-ның құрылуы мен дамуына өз үлесін қосқан ел ретінде Қазақстан осы ұйым аясындағы парламентаралық ынтымақтастыққа зор маңыз беретіні атап өтілді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған конституциялық реформаның негізгі мәселелері, сондай-ақ оны жалпы республикалық референдумға шығарудың маңызы туралы халықаралық байқаушылар жан-жақты хабардар етілген.

«Қазіргі Конституцияға енгізілетін, Қазақстанның барлық азаматтарына әділдік пен тең құқығын қалпына келтіруді, тежемелі және тепе-теңдік жүйесін билікте орнықтыру міндетін көздейтін ережелер «Жаңа Қазақстанды» құруды іске асыруға бағытталған. Бұл демократияны дамытуға және басқарудың суперпрезиденттік түрінен арылу үшін маңызды әрі қажетті шарт», - деді палата төрағасының орынбасары.

Алдағы референдумда Конституцияға енгізілетін өзгерістер Қазақстан халқының талаптары мен ұсыныстарына негізделгені атап өтілді.



Соңғы жаңалықтар