ТүркПА: Алматылықтардың сайлау учаскесіне балаларын ертіп баруы - жақсы дәстүр

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ТүркПА миссиясынан Қазақстанға барлығы 20 байқаушы келді, оның 8-і депутат, 12-сі дипломат. Бұл туралы Түркия Бас Ұлттық Ассамблеясының депутаттары Режеп Шекер мен Юксель Өзқан, ТүркПА комиссиясының хатшысы Энес Йылдырым, ТүркПА халықаралық қатынастар және хаттама департаментінің қызметкері Абдуллах Нури Айваз және ТүркПА байланыс офицері Тахмина Бакиева қатысқан баспасөз мәслихатында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Миссиядан республикаға барлығы 20 байқаушы келдік, оның 8-і депутат, 12-сі дипломат. Біз Астана және Алматы қалаларындағы сайлауды бақыладық. Қазақстан астанасында ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіровпен, ҚР Парламенті Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевпен, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошановпен, Сыртқы істер министрінің орынбасары Әділ Тұрсыновпен кездестік»,- деді Режеп Шекер.

Сондай-ақ, ТүркПА байқаушылары саяси науқанның қалай өткенін айтып берді.

«Астана мен Алматыдағы көптеген сайлау учаскелеріне бардық. Сайлаушылармен, байқаушылармен, сайлау комиссиясы мүшелерімен сөйлестік. Бізге сайлау комиссиясы мүшелерімен бірге мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне баруға мүмкіндік берілді. Қазақстанда сайлаушыларға ұсынылатын осы қызметті өте жоғары бағаладық», - деді ол.

ТүркПА өкілі президент сайлауы ашық әрі әділ өткенін тілге тиек етті.

«Біздің делегация халықаралық байқаушылардың жұмыс істеуіне жасалған жағдайды жоғары бағалайды. Сайлау процесін ұйымдастыруда елеулі кемшіліктер анықталған жоқ. Бізді таң қалдырған және қуантқан дүние - сайлау комиссиясының мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдай жасау үшін олардың үйіне барғаны», - деді Режеп Шекер.

Сондай-ақ, ТүркПА миссиясының өкілдері ата-аналардың балаларымен бірге дауыс беруге келгенін ерекше атап өтті.

«Кішкентай кезінен бастап балаларды сайлау процесіне қатысуға үйрету – өте жақсы дәстүр»,- дейді олар.


Соңғы жаңалықтар