Түрколог ғалымның Моңғолияда үш кітабының тұсауы кесілді - шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Елнұр Абдураимов кәсіпқой бокстағы алғашқы титулын жеңіп алды - «ӨзА»

Кәсіпқой боксқа біржола ауысқан өзбекстандық былғары қолғап шебері, қандасымыз Елнұр Абдураимов (8-0, 7 КО) алғашқы титулы IBF North American белбеуін жеңіп алды, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Аталған БАҚ-тың дерегінше, АҚШ-тың Калифорния штатында ұйымдастырылған Golden Boy Fight Night кәсіпқой бокс кешінде Елнұр мексикалық Леонел Мореноны (11-3-1,9 КО) алғашқы раундтың өзінде нокаутқа жіберді.

Бұл туралы ол өзінің Инстаграм парақшасында да хабарлап, қолдау көрсеткен баршаға алғысын білдірген болатын.

10 раундқа созылған жекпе-жек 1 раундта аяқталды. Елнұр жекпе-жектің алғашқы минутының соңында сол қолымен күшті соққы жасап, қарсыласын нокдаунға түсірді. Морено бұл соққыдан кейін жекпе-жекті жалғастыра алмай қалды.

Осылайша Елнұр 10-шы жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, кәсіпқой бокстағы алғашқы IBF North American белбеуін иеленді.

Айта кетейік, Укипедияда «Елнұр Абдураимов Нұрғалиұлы 1994 жылы 10 маусымда туған, жеңіл салмақтағы өзбек боксшысы, ұлты қазақ, туған жері Ташкент облысының Бостандық ауданы», деп жазылған.

Түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының үш кітабының тұсауы кесілді - Kaznews

26 шілде күні Баян-Өлгий аймағының Ақтан Бабиұлы атындағы орталық кітапханасында белгілі түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының үш томдық «Орхон ескерткішінің толық атласы» атты еңбегі және «Керейлердің этникалық тарихы», «Тас кітаптың құпиясы» атты үш кітабының тұсауы кесілді, деп хабарлайды моңғолиялық Kaznews ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шараға Баян-Өлгий аймақтық АӨХ-ның депутаты Мүпти Қабылұлы, тарихшылар Қабсатор Омарұлы, Өмірбек Биқұмарұлы, ақын-жазушылар Рысбек Зұрғанбайұлы, Марат Бәкейұлы, Әбіжат Райханұлы, Сьезд Абайқызы, Аманжол Бәделұлы және өзге азаматтар қатысқан.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, белгілі түркітанушы ғалымның «Орхон ескерткішінің толық атласы» атты үш томдық еңбегінде Моңғолия-Чехия, Моңғолия-Түркия (ТИКА), Моңғолия-Кеңес одағы біріккен экспедицияларының, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті экспедициясының материалдары, сондай-ақ әлем түріктанушыларының ғасырдан астам уақыт жүргізген зерттеулерінің қорытындысы пайдаланылған.

Ал, «Керейлердің этникалық тарихы» атты кітапта Керейлердің этникалық тарихын зерттеу арқылы қазақ халқының тарихы ғасырлар тереңінен басталатынын дәлелдейді.

Сонымен қатар «Тас кітаптың құпиясы» деп аталатын еңбегінде профессор, доктор Қаржаубай Сартқожаұлының көшпелілер мәдени құндылықтарына соңғы жылдары жасалған ғылыми мақалалары жинақталған. Оның ішінде көшпелілер тарихы, дүниетанымы, идеологиялық құндылықтары, ру-тайпалық жүйе зерттелуімен қатар, тас бетіндегі ежелгі хунну жазулары және археологиялық қазба мұралардан табылған көне түркі мәтіндері бар.

Айта кетейік, еңбек археолог, түркітанушы, тарихшы, әдебиетші, этнографтармен қатар жалпы көшпелілер тарихына қызығушы оқырмандарға арналған.

Моңғолиялық БАҚ бұл ақпараттың соңын түрколог ғалымның қысқаша өмірбаянымен түйіндеген.

Қытай инвестициялаған жел энергетикасы жобасы Қазақстанда электр қуатын тарата бастады - «Халық газеті»

Апта басында Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталында осындай тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Жақында Қазақстанда «Шелек» бірінші кезеңдік 60 мегаватт жел энергетикасы жобасының алғашқы блоктары электр энергиясын өндіріп, желіге сәтті қосылды.

«Шелек» – Power China компаниясының Орталық Азиядағы жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудағы алғашқы жобасы. 2017 жылдың қыркүйегінде жоба «Қытай-Қазақстан өндірістік қуат ынтымақтастығы негізгі жобаларының» тізіміне енген.

Қытайлық БАҚ-тың дерегінше, қуаты 60 МВт болатын жел энергетикасы жобасы - Алматы облысының Шелек ауданында. Мұнда жыл сайынғы жобалық қуаты 228 млн кВт/сағ, қуаттылығы 2,5 МВт болатын 24 жел турбинасы орнатылған. Бұл көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына 160 000 тоннаға азайтуға тең болатындықтан, Қазақстанның жаңартылатын энергетиканы дамыту жоспарына оң үлес қосатын болады.

Өзбекстанда Орталық Азия мен Ресей еңбек инспекторларының бірінші аймақтық форумы өтеді - «ӨзА»

2022 жылдың 9-12 тамызында Өзбекстан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Ресей сынды елдерден 60 сарапшының қатысуымен Өзбекстанда алғаш рет еңбек инспекторларының бірінші өңірлік форумы өтеді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

«ӨзА» -ның хабарлауынша, Өзбекстан Республикасының Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрлігі Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының қолдауымен Орталық Азия және Ресей мемлекеттері мемлекеттік еңбек инспекторларының бірінші аймақтық форумын ұйымдастыруда.

Іс-шараның негізгі мақсаты – Орталық Азия аймағында және Ресейде еңбек секторында мемлекеттік бақылау саясатын әзірлеу және жүзеге асырудағы ынтымақтастықты нығайту. Сонымен қатар, біліктілікті арттыру және өзара тәжірибе алмасу арқылы еңбек инспекторларының білім деңгейін, іскерлігі мен тиімділігін арттыру.

Форум аясында қатысушы елдердің мемлекеттік еңбек инспекциясының өкілдері Халықаралық еңбек ұйымының негізгі қағидаттарын, көші-қон құқығы мәселелерін, «Vision zero» («Nol injuries») тұжырымдамасы, өндірістегі жазатайым оқиғаларды тергеу мәселелері талқыланады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласындағы еңбек заңнамасына қатысты мәселелер сарапқа салынады және мемлекеттік еңбек инспекторының жеке, кәсіби өсуіне, эмоционалды басқару дағдыларына және басқаларға бағытталған тренингтер өткізіледі.

Өзбекстандық БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, іс-шараның қорытындысы бойынша қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және Орталық Азия аймағындағы еңбек құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін енгізу тәсілдері әзірленетін болады.

«Атап айтқанда, форум азаматтардың еңбек құқықтары мен жұмыс берушілердің мүдделерін қорғау, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігін, денсаулығын қамтамасыз ету саласындағы ең өзекті мәселелерді шешу үдерісіне белсенді қатысатын жас еңбек инспекторларының қоғамдастығын қалыптастыруға қызмет етеді», - деп түйіндейді «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» ақпараттық агенттігі «Ташкентте ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің аймақ басшыларының форумы өтеді» деген ақпарат та жарық көрген болатын.

«ӨзА» ақпараттық агенттігінің дерегінше, 2022 жылдың 3-4 тамыз күндері Ташкентте Өзбекстанның Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында аймақтық көшбасшылар форумы өтеді.

Форумның басты мақсаты– ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің назарын туризмді, мәдениет пен ауыл шаруашылығын одан әрі дамыту мәселелеріне аудару.

Екі күндік іс-шара бағдарламасында ұйымға мүше елдердің іскер топтары өкілдерінің қатысуымен пленарлық отырыс пен үш пікірталас сессиясы, бизнес-форум орын алған.

Айта кету керек, талқылау сессиясы барысында қатысушылар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу, агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық технологияларды енгізу, азық-түлік өнімдерін өндіру, туризм және көлік логистикасы саласындағы ынтымақтастық бойынша бірлескен жоғары технологиялық жобаларға назар аударады.

Еуропа-Қытай пойызы алғаш рет Алматыға жол тартты – «Халық газеті»

Шанхай нөмірлі Қытай-Еуропа кезекші пойызы алғаш рет Орталық Азияға жол тартты.

Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталының хабарлауынша, 28 шілде күні түстен кейін Шанхай жүк станциясынан 984,42 тонна жүк тиелген Шанхай нөмірлі Қытай-Еуропа кезекші пойыз жолға шықты. Бұл - Шанхайдан бағыт алып, Орталық Азияға баратын алғашқы экспорттық пойыз.

Қытай-Еуропа кезекші пойызына кондиционерлер мен жылытқыш құралдары, пештер, велосипедтер, балалар арбалары, тігін машиналары және басқа да тұрмыстық материалдар тиелген.

Бұл пойыз Қорғас пен Алтынкөл теміржол станциясы шекаралары арқылы өтіп, соңында Қазақстанның Алматы қаласына жетеді.


Соңғы жаңалықтар