Түркияның жаңадан тағайындалған Қазақстандағы елшісі ауызашар берді

None
Фото: Түркия Республикасының Елшілігі
АСТАНА. ҚазАқпарат – Өткен аптада сенім грамотасын тапсырып, қызметіне кіріскен Түркия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі Мустафа Капуджу мырза ауызашар берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш іс-шараға Түркияда болған жер сілкінісінен кейін осы елге аттанған және іздестіру-құтқару жасағының басында болған ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі И. Күлшімбаев, сондай-ақ Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккен жандарға тілектестік танытқан қазақстандық азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері мен еріктілер шақырылды. Ауызашар шарасы Елшілік резиденциясында ұйымдастырылды.

Елші өз сөзінде Қазақстан үкіметі мен қазақ халқына «ғасыр апаты» деп аталған жер сілкінісінен кейін көрсеткен қолдауы мен жомарт көмегі үшін шараға қатысушылар арқылы Қазақстан үкіметіне, азаматтық қоғам ұйымдарына және қазақ халқына алғысын білдірді.

Кешкі ас кезінде ҚР ТЖМ бірінші вице-министрі И. Күлшімбаев Түркияда болған кезіндегі атқарған жұмыстары және басынан өткерген әсерлі сәттері туралы өзінің естеліктері туралы айтып берді.

Іздестіру-құтқару тобының қызметкерлері, азаматтық қоғам ұйымдарының өкілдері, жеке кәсіпкерлер мен қайырымдылықтың нышанындай болған 7 жастағы Көркем Жұмабекпен анасы қатысқан ауызашарда қатысушылар екі ел арасындағы бауырластық және достық қарым-қатынастары туралы лебіздерін білдіре отырып, өз сөздерінде бауырластық пен достықты нығайтуға деген ізгі тілектерін жеткізді.


Соңғы жаңалықтар