Түркияның ҰБП көшбасшысы Қазақстанмен байланыстарды нығайтуда белсенділік танытуға әзірлігін білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ғимаратында Қазақстанның Елшісі Жансейіт Түймебаевтің Түркияның Ұлы бірлік партиясының (ҰБП) Төрағасы Мұстафа Дестиджимен кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспаөз қызметінен.

Түркияның Ұлы бірлік партиясы 1993 жылы құрылып, түркі әлемі елдерінің арасындағы қарым-қатынастарының дамуына ерекше көңіл бөлетін бірлестіктердің бірі болып табылады.

Кездесу барысында тараптар Түркиядағы қоғамдық-саяси ахуалға және екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға қатысты мәселелер бойынша пікір алмасып, Қазақстан мен Түркия саяси партияларының арасындағы ынтымақтастықты қоса алғанда, екі елдің тарихи, мәдени және рухани байланыстардың негізінде серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады. М.Дестиджи Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды жоғары бағалай отырып, олардың нығаюына белсенділік танытуға әзірлігін білдірді. Оның айтуынша, екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қосқан үлесі зор болып табылады. Сондай-ақ ол қазіргі таңдағы түркі әлеміндегі интеграциялық үдерістердің де Қазақстанның көшбасшысы Н.Ә.Назарбаев бастамаларының негізінде қалыптасып, одан әрі дамып келе жатқанын баршаға анық екендігін де атап кетті. Сонымен қатар партия көшбасшысы екі елдің басқа да халықаралық бірлестіктер аясында өзара қолдауына және ықпалдасуына қуанышты екенін білдірді. Оның ішінде, М.Дестиджи Елбасының бастамасымен құрылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің аясындағы Қазақстан мен Түркияның бауырлас ынтымақтастығын ерекше атап өтті. Ол сондай-ақ екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастығы деңгейінің жоғары екендігіне ризашылығын білдіре отырып, екіжақты мәдени байланыстарды белсендірек дамытудың қажеттілігі мен маңыздылығын атап өтті. Елші Ж.Түймебаев екі елдің арасындағы байланыстар жайлы және Қазақстанның соңғы кезеңдердегі жетістіктерінен хабардар етіп, «АТОМ жобасы» және «G-Global» сияқты Қазақстанның бастамасымен жүзеге асырылып жатқан халықаралық жобалар туралы баяндады. Кездесу нәтижесінде Қазақстан Елшісі ҰБП-ның Төрағасына Елшіліктің түрік тілінде басып шығарған ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың таңдамалы шығармаларының бес томдығын, «Қазақстан-Түркия: достық пен ынтымақтастықтың 20 жылы», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев - әлемдік деңгейдегі көшбасшы» атты кітаптарды және ҚР Президентінің Қазақстан халқына «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауын табыс етті. Тараптар Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды нығайтуда өзара тығыз қарым-қатынаста болуға келісті.

Соңғы жаңалықтар