Түркияның «Гази» университетінде «Қазақстан-Түркия қатынастарына 20 жыл» атты конференция өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі осы елдің белгілі жоғары оқу орындарынан бірінен саналатын «Гази» университетінде қазақстан-түрік қатынастарының 20 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

  Конференция жұмысына «Гази» университетінің ректоры, профессор Рыза Айхан, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Хале Шывгын, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Исмаил Тохумджу, «Гази» университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі, профессор Хайдар Чакмак, Түркияның академиялық топтарының өкілдері мен университет студенттері қатысты.

Конференция басталар алдында Қазақстан мен Түркияның әнұрандары орындалды.

 Ашылу рәсімінде сөз алған «Гази» университетінің ректоры соңғы 20 жыл ішіндегі қазақстан-түрік  қатынастарының әрқашан да жоғары деңгейде болып келгенін, ал соңғы жылдары стратегиялық сипатқа ие болғандығын атап өтті. Осы орайда біздің елдеріміз арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы қатынастарға ерекше тоқталды.

   Өз сөзінде профессор Хайдар Чакмак Қазақстан Республикасының тәуелсіздік кезеңіндегі қол жеткізген биік жетістіктеріне назар аударды. Қазақстан мен Түркия қатынастарының бауырластық пен әріптестік рухында дамып жатқаны атап өтілді.

    Іс-шарада сөз алған Елші Ж.Түймебаев қатысушыларды мерейтоймен - қазақстан-түрік қатынастарының 20 жылдығымен құттықтады. Сөзін жалғастыра отырып, ол екі елдің өзара іс-қимылы жоғары деңгейде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. Осы орайда Түркия Премьер-министрінің таяудағы Қазақстанға болған ресми сапарының екіжақты ынтымақтастық деңгейін жаңа биіктерге көтеруде аса маңызды болғанына тоқталды.

   Конференцияның аяғында Елші Ж.Түймебаев баяндамашыларға естелік сыйлықтар мен грамоталарды тапсырды.

   Конференция шеңберінде тәуелсіздіктің 20 жылы ішіндегі Қазақстанның жетістіктерін паш ететін сурет көрмесі ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар