Түркияның «Дүния» газеті түрік және ағылшын тілінде «Қазақстан» журналын шығарды

None
None
  АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның белді саяси-экономикалық басылымдарының бірі «Дүния» газеті түрік және ағылшын тілінде қосымша «Қазақстан» журналын шығарды. Журнал Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияға ресми сапарының қорытындысына және Қазақстанның жетістіктері мен Астананың 20 жылдығына тарту ретінде ұсынылып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басылымда Қазақстан Президентінің Түркияға ресми сапары және Анкарада өткен Қазақстан-Түркия инвестициялық форумы туралы кеңінен ақпарат қамтылған. Бұдан бөлек, журналға Түркия Республикасының 11-ші Президенті Абдолла Гүлдің «Астана Н.Назарбаевтың стратегиялық көзқарасы арқылы бас қала болып қалыптасты», Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлудың «Түрік кәсіпкерлері салған ғимараттар Қазақстанды гүлдендіріп отыр», Қазақстанның Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбектің «Транс-Каспий бағыты арқылы екі ел арасындағы сауда дами түседі», Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының «Орталық Азияға арналған шетелдік инвестициялардың басым бөлігі Қазақстанға салынды» атты мақалалары енген.

100 мың тиражбен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен басылған журналда «ҚазақИнвест» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы С.Тұяқбаевтың, Астана қаласының бұрынғы әкімі Ә.Исекешевтің, Түркістан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың, Алматы облысының әкімі А.Баталовтың, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ.Ақсақаловтың, Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапарбаевтың, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың, Батыс Қазақстан облысының әкімі А.Көлгіновтің, Қарағанды облысының әкімі Е.Қошановтың, Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовтың, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың Қазақстанның өңірлік экономикалық әлеуеті мен инвестициялық мүмкіндіктері туралы көлемді мақалалары жарық көрді.

Сондай-ақ, басылымда Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы, Қостанай облысы мен Ақмола облысының шетелдік инвестиция тарту мүмкіндіктері туралы ақпараттар мен аталған өңірлердің қазіргі таңдағы даму көрсеткіштері жарияланды. «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы А.Әріпхановтың, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Қ.Құдайбергеннің, «Даму» қорының басқарма төрағасы А.Сарқұловтың, «ҚазГеология» зерттеу компаниясының басқарма төрағасы Ғ.Нұржановтың мақалалары мен Қазақстанның сауда-экономикалық дамуына үлес қосқан түрік кәсіпкерлерінің қызықты естеліктері мен толғаныстары да осы басылымнан жарық көріп отыр.

Еске сала кетейік, «Дүния» газеті 1952 жылдың 1 наурызынан бастап Ыстанбұл қаласында шығады. Басылымның алғашқы редакторы белгілі журналист Фатих Рыфкы Атай болатын. Қазіргі таңда «Дүния» газеті «Дүния» компаниялар тобы тарапынан шығарылады.

Соңғы жаңалықтар