Түркияның Адана қаласында Қазақстанның құрметті консулдығы ашылды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 12 қаңтар. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/- Түркияда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің және екіжақты дипломатиялық қарым-қатынастың 20 жылдығының орнатылуына байланысты өтіп жатқан іс-шаралар жалғасуда.

Аталмыш мерекелік іс-шаралар аясында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев, Қазақстанның құрметті консулдығының ашылуына орай Адана қаласында екі күндік іссапармен болып қайтты.

Іс-сапар барысында Ж. Түймебаев Адана губернаторы Хусейн Авни Джошпен кездесті. Кездесу кезінде стратегиялық әріптес ретінде дамып жатқан Қазақстан-Түркия қарым-қатынасының негізгі бағыттары талқыланды.

Түркия тарапына Қазақстанның сыртқы саясаттағы негізгі инициативалары, ішкі саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы ақпараттар жеткізілді. Екі ел арасындағы саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени ынтымақтастық, сондай-ақ  әр түрлі салада стратегиялық әріптес дәрежесіне дейін көтерілген екіжақты ынтымақтастық жоғары бағаланды.

 ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Түркиямен арадағы қарым-қатынасқа үлкен мән беретінін білдіре отырып, Қазақстанның екіжақты қарым-қатынасты бұдан әрі жанжандыру ниетінде екені айтылды. Кездесудің басым бөлігі Қазақстан мен Түркия қарым-қатынасындағы экономика, өнеркәсіп және инвестиция салаларын дамыту жайлы болды.

Кездесу соңында Ж. Түймебаев Қазақстанның Аданадағы құрметті консулы болып «Кулак иншаат» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы, танымал бизнесмен Таркан Кулак тағайындалғанын айтты.

Сол күні Қазақстан консулдығының ашылу салтанаты болды. Оған Адана аймағының губернаторы Хусейн Авни Джош, Түркиядағы Қазақстан Елшісі Ж.Түймебаев, қала әкімі Зихни Алдырмаз, Түркия Республикасы парламентінің депутаттары, «Чукуров» және «Чағ» университеттерінің ректорлары, сауда-өнеркәсіп палатасы және ұйымдасқан өндірістік аймақ төрағалары, ғылым, мәдениет, өнер және спорт қайраткерлері қатысты.

Губернатор Х.А.Джош Қазақстанның 20 жылда жеткен жетістіктерін жоғары бағалай отырып, бұл жетістіктердің Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың көреген саясатының арқасында екенін айта кетті. Х.А.Джош Адана аймағының кәсіпкерлері Қазақстанмен арадағы сауда-экономикалық қарым-қатынасқа белсене қатысатынын жеткізді.

Елші Ж.Түймебаев өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың күшейгенін білдіре отырып, Қазақстан мен Түркияның кәсіпкерлері арасындағы қарым-қатынасты нығайту керектігін айтты. Осыған орай  түркиялық инвесторларды Қазақстандағы ірі инвестициялық жобаларға қатысуға шақырды және Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы бірыңғай кедендік одақ жайлы хабардар етті.

Содай-ақ елші Ж.Түймебаев 2011 жылы қазанда қол қойылған біріккен қазақ-түрік өндірістік аймағын құру туралы меморандум жайлы да сөз қозғады. Бұл алғашқы тәжірибелік жоба Оңтүстік Қазақстан облысында құрылмақ.

Мерекелік іс-шараның соңында қонақтар Қазақстан жайлы фотокөрмемен танысу мүмкіншілігіне ие болды. Барлық қатысушыларға, елшілік тарапынан түрік тілінде жарық көрген Қазақстан жайлы кітаптар таратылды.

Соңғы жаңалықтар