Түркияның Абант Иззет Байсал университетінде «Бүгінгі Қазақстан: Қазақстан-Түркия қатынастарына 20 жыл» атты конференция өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 4 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі осы елдің белді жоғары оқу орындарының бірі - Абант Иззет Байсал университетінде қазақстан-түрік қатынастарының 20 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция жұмысына Абант Иззет Байсал университетінің ректоры, профессор Хайри Жошкун, Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Жансейіт Түймебаев, Болу провинциясының әкімі Ибрахим Өзчимен, Болу қаласының мэрі Аладдин Йылмаз бен аталмыш университеттің ұжымы қатысты.

Конференция Қазақстан мен Түркия Әнұрандарының орындалуымен басталды.

Ашылу рәсімде сөз алған университет ректоры Х.Жошкун соңғы 20 жыл ішіндегі қазақстан-түрік  қатынастары әрқашан жоғары деңгейде болып келгендігін, ал соңғы жылдары стратегиялық сипатқа ие болғандығын атап өтті. Ол еліміздің тәуелсіздік кезеңіндегі қол жеткізген биік жетістіктеріне назар аудартты. Қазақстан мен Түркия қатынастарының бауырластық пен әріптестік рухында дамып жатқанын тілге тиек етті.

Профессор Мехмет Куталмыш Қазақстан Рсепубликасының білім саласындағы жетістіктерін жоғары бағалады, қазақстан-түрік қатынастарының мәдени-гуманитарлық саладағы қатынастарының үдемелі қарқынмен даму үстінде екенін атап өтті.

Өз кезегінде Елші Ж.Түймебаев қатысушыларды мерейтоймен - қазақстан-түрік қатынастарының 20 жылдығымен құттықтады. Сөзін жалғастыра отырып, ол екі елдің өзара әрекеттестігі жоғары деңгейде жүзеге асырылып отырғанын атап өтті. Осы орайда Түркия Премьер-министрінің ү.ж. мамыр айында Қазақстанға жасаған ресми сапарының екіжақты ынтымақтастық деңгейін жаңа биіктерге көтеруде аса маңызды болғанына тоқталды.

Конференцияның аяғында Елші Ж.Түймебаев баяндамашыларға естелік сыйлықтар мен грамоталарды тапсырды.

Конференция шеңберінде тәуелсіздіктің 20 жылы ішіндегі Қазақстанның жетістіктерін баяндайтын суреттер көрмесі ұйымдастырылды.

Соңғы жаңалықтар