Түркиялықтар TURKOVAC вакцинасын салдыра бастады

None
None
АНКАРА. АНАДОЛЫ. ҚазАқпарат – Түркиялықтар COVID-19 вирусына қарсы TURKOVAC (Турковак) вакцинасын салдыра бастады.

Вакцина салу науқаны елдің ең ірі ауруханаларында жүргізіліп жатыр. Түркия коронавирусқа қарсы вакцина шығарған 9-шы мемлекет болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркияның Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркияның Денсаулық сақтау министрі Фахреттин Коджа COVID-19 вирусына қарсы үшінші (бустерлік) доза ретінде түркиялық TURKOVAC вакцинасын салдырды.

Ведомство басшысы ревакцинациядан Анкара қалалық ауруханасында Коронавируспен күрес жөніндегі ғылыми кеңестің виртуалды мәжілісінен соң өтті.

«Мен еліміздің азаматтарына TURKOVAC вакцинасын салдыруға және осы препаратпен ревакцинациядан өтуге кеңес беремін»,-деді ол журналистерге.

Коджаның сөзінше, Түркияда отандық вакцинаны қалалық ауруханалардан алуға болады. Министр сонымен қатар соңғы күндері елде коронавирус жұқтырғандар санының арта бастағынын ескертті.

Оның сөзінше, қыста адамдар уақытын көбіне жабық ғимаратта өткізеді. Вирус жұқтыру көрсеткішінің ұлғаюының тағы бір себебін ол «омикрон» штамының жедел тарауымен байланыстырды.

Бұл ретте Коджа ауруханаға жатқызылғандар санының ұлғаймағанын айтты. Денсаулық сақтау ведомствосының басшысы азаматтарды уақытының көбін жабық ғимаратта өткізбеуге тырысу қажеттігін және маска тағуды қоса алғанда сақтық шараларын мұқият сақтау керектігін ескертті.

Euronews агенттігінің хабарлауынша, Түркияның Денсаулық сақтау министрі TURKOVAC вакцинасын бустерлік екпе ретінде таңдағанын хабарлады. Осыған дейін Түркия Президенті Реджеп Тайип Эрдоған препаратты өзге елдерге де қолжетімді етуге уәде берген еді.


Соңғы жаңалықтар