Түркиялық кәсіпкер Қазақстанға медициналық құрал-жабдықтар жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Түркиялық кәсіпкер Хусейин Арслан қазақ еліне медициналық құрал-жабдықтар жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Жарты тонналық жүктің ішінде ресми мекемелерде қолданылатын жабдықтар, 1000 дана бетперде, медициналық қолғаптар, комбинезондар, вакуумдық көзілдіріктер және 100 дана термометр сынды заттар бар. Аталмыш жабдықтар еліміздің денсаулық сақтау саласы мен арнайы мекемелерде қолданылатын болады.

Жүк тиелген ұшақ Нұр-Сұлтан қаласына қонды. Қиын күнде қол ұшын созған түрік бауырларымыздың аталмыш көмегі еліміздің коронавируспен күресіне тың серпін береді. Айта кеткен жөн, аталмыш бауырластық көмек ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Air Astana әуе компаниясының қолдауымен Анкарадан жөнелтілді.

«Қазақстан – біздің атажұртымыз. Тіліміз, дініміз, қанымыз бір бауырлас халықпыз. Қысылтаяңда қол ұшын созу ЭДэА холдингі ретінде борышымыз деп білеміз. Мүмкіндігі бар азаматтарды, оның ішінде іскер адамдарды осындай қолдау көрсетуге шақырамын. Туыстың туыстығы, ағайынның ағайындығы қиын күнде білінеді», - дейді түрік кәсіпкері Хусейин Арслан.

Осы уақытта Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны271-ге жетті.


Соңғы жаңалықтар