Түркиялық БАҚ өкілдері Үкаша ата құдығы маңында бозарша екті

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Түркиялық БАҚ өкілдері Үкаша ата құдығы маңында бозарша екті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов және Түркияның ең ірі медиа холдингі «ТРТ» мемлекеттік телерадио корпорациясының Қазақстандағы өкілі Мехмед Захид Чалышкан мен телеарна тілшісі Гүзал Сайтова Үкаша ата құдығы маңында арша тұқымдас туя ағашын екті.

Құрғақ және ыстық климатқа және күн сәулесіне төзімді бозарша - өмір ағашы деп аталатыны белгілі.

Үкаша ата кесенесінде құран бағыштап, құдығынан су ішкен татқан түркиялық БАҚ өкілдері тарихи орынды алыс-жақын шет ел туристерінің де назарына ұсынуға лайық бірден-бір объект екенін жеткізді.

Айта кетсек, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты республикалық маңызы бар ескерткіштер қатарына кіретін Үкаша ата кесенесі мен құдығында соңғы жылдары жаңа жобалар мен абаттандыру жұмыстары жасалып жатыр. Былтыр Үкаша ата кесенесі мен құдығының айналасы тазартылып, орындықтар қайта жасалды. Автотұраққа жаңадан электр шамдары тартылып, жарықтандырылды.

Зияратшылар демалатын орындар халық игілігіне берілді. Сондай-ақ, музейлендіру жұмыстары бойынша «Үкаша ата тарихы» музейі келушілерге есігін айқара ашты.

Музей экспозициясына Үкаша сахабаның өмірінен сыр шертетін құнды мәліметтер мен 70-тен астам археологиялық, этнографиялық, жазба мәдениетіне қатысты жәдігер қойылды. Зияратшылардың өтініштерін қанағаттандыру мақсатында, отын, су қоятын үлкен бастырма жасалып, халық игілігіне берілді. Баба басына баратын жүргінші жолдар қайта жөнделді. Құдыққа көтерілетін жолға мүгедектерге арналған арнайы жол салып, пандус орнатылды. Тазалық жұмыстарына байланысты арнайы қалдық жәшіктер мен ескерту тақтайшалары қойылып, Үкаша ата кесенесі маңына 100-ден астам мәуе ағашы мен шырша және гүлдер отырғызылған болатын.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі қабылдаған 2018-2021 жылдарған арналған даму жоспарына сәйкес тарихи орындарды абаттандыру, келген туристер мен зияратшыларға сапалы қызмет көрсету бойынша бірқатар жұмыстар демеушілерді тарта отырып жүзеге асуда.


Соңғы жаңалықтар