Түркиядан жеткізілген 125 өкпені жасанды желдету аппараты жүкті алушыларға табысталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік желілерде «Түркиядан жеткен 125 тыныс алу аппараты елорда әуежайының қоймасында жатыр» деген тақырыппен видеоматериал тараған болатын. Осыған қатысты мән-жайды Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Осы жылдың 14 шілдесінде сағат 02-30-да Нұр-Сұлтан қаласының әуежайына Түркиядан гуманитарлық жүк келді. Жүкті алушылар - «СК-Фармация» ЖШС, «Айдың нұры» қайырымдылық қоры мен «Отандастар» қоры саналады. 12 тоннадан астам жүк дәрі-дәрмек, медициналық қорғаныс құралдарын және өкпені жасанды желдету аппараттарын қамтиды. Ұшақтан жүкті түсіру 14 шілде күні сағат 4:00-де аяқталды. Кейін аталған жүк әуежай қоймасына орналастырылды. Сағат 10:00-де тауар алушылардың өкілдері келгеннен кейін жеңілдетілген тәртіпте кедендік рәсімдеу жүргізілді. Барлық кедендік рәсімдер 10 минуттың ішінде жасалды. Таңғы сағат 11:00 шамасында жүк әуежайдан бірнеше топтамамен әкетілді» делінген комитет таратқан ақпаратта.

Бұл ретте Мемлекеттік кірістер комитеті сертификаттауға жататын тауарларды әкелу барысында кедендік ресімдеу үшін рұқсат құжаттарын ұсыну қажеттігін атап көрсетеді.

«Себебі біздің азаматтардың өмірі мен денсаулығы медициналық препараттар мен бұйымдардың сапасына тікелей тәуелді, ал бұл - ең маңызды талап. Сапасыз препараттар мен бұйымдарды қолдану пандемия кезінде қосымша қауіп-қатер туғызады. Мемлекеттік кірістер органдары тауарларды жедел кедендік ресімдеуге күш жұмылдырады және қажетті құжат ұсынылған кезде гуманитарлық көмек дереу шығарылады. Осыған байланысты барлық кеден бекеттері тәулік бойы жұмыс жасайды. Олар қажетті құжаттарды ұсыну жөнінде кеңес береді. Кәсіпкерлік субъектілерін және қоғамдық бірлестіктерді қандай да бір түсінбеушіліктерді, толқуларды болдырмау мақсатында қажетті кеңес алу үшін алдын ала жүгінуді сұраймыз. Сондай-ақ, 1414, 8-800-080-7777 байланыс телефоны арқылыМемлекеттік кірістер комитетінің контакт-орталығына жүгінуге болады» деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар