Түркиядан Түркістан облысына 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымы жеткізіледі

None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат- Түрік кәсіпкерлері қазақстандық фермерлерге тиімді шарттармен 1000 тонна жоғары сапалы мақта тұқымын береді. Бұл уағдаластыққа «Қазақстан Республикасындағы мақта шаруашылығын дамыту перспективалары» бизнес-форумында қол жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бизнес-форум жұмысына ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері, түрік кәсіпкерлері, шитті мақта өндірушілер, мақта өңдеу зауыттарының, ғылыми ұйымдардың, мақта майын өндіру зауыттарының өкілдері, сондай-ақ мақта тұқымын өндірушілер қатысты.

Онда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілқайыр Тамабек мақта шаруашылығы саласын дамытудың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекеттік сатып алулардағы қазақстандық қамту үлесін, оның ішінде тұрмыстық тауарлар мен мақтаны қайта өңдеу өнімдерін ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бірінші кезеңде ұлттық компаниялар 70% дейін отандық мақта өнімдерін төсек-орын, сүлгілер және т.б. сатып алуы тиіс. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын қалыптастыру кезінде жергілікті қамту үлесін 30%-дан 70%-ға дейін ұлғайту жоспарланып отыр», - деді вице-министр.

Форумда Түркия Республикасынан шақырылған «PROgen» компаниясы отандық өсімдік өсірушілерге аурулар мен зиянкестерге төзімді мақтаның жаңа сорттарын таныстырды. Жаңа сорт бөліп төлеу шартымен сатылады. «Түркістан» ӘКК тұқым сатып алуға қажетті қарыз сомасын жыл соңына дейінгі мерзімде беруге дайын.

Бизнес-форум қорытындысы бойынша Түркия Республикасының Шығыс Жерорта теңізі ауыл шаруашылығы зерттеулер институты мен «Мақта шаруашылығы және бақша шаруашылығы АШТС» ЖШС арасында бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, мақтаның жаңа сорттарын шығару бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.


Соңғы жаңалықтар