Түркиядан Қазақстанның 13 азаматы мен олардың отбасы мүшелері ұшақпен елге жіберілді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Түркияның жер сілкінісінен зардап шеккен аймақтарынан Қазақстанның 13 азаматы мен олардың отбасы мүшелері қазақстандық ұшақпен елге жіберілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«17 ақпанда Қазақстан Елшілігінің ұйымдастыруымен Түркиядағы жер сілкінісі болған аймақтардан Қазақстанның 13 азаматы мен олардың отбасы мүшелері және Түркияның 2 азаматы Қазақстаннан келген ұшақпен Алматыға қайтарылды», - деп жазды түрік еліндегі дипломатиялық өкілдігіміз Facebook-те.

17 ақпанда Қазақстанның 55 тонна гуманитарлық жүгі тиелген борт Түркияның Газиантеп қаласына қонғанын бұған дейін жазған болатынбыз.

Өз кезегінде Түркияның Қазақстандағы Елшілігі Facebook-тегі парақшасында қазақ елі жинаған қайырымдылық қаражатының сомасы 4 млн доллардан асқанын жазды.

Мәліметке сүйенсек, жер сілкінісінен зардап шеккендерге көмек ретінде 16-17 ақпан күндері 411 622 АҚШ доллары жиналған. Олар Түркияның Төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының (AFAD) шотына аударылды. Осылайша, Қазақстан Республикасынан аударылған қайырымдылық қаражатының жалпы сомасы 4 028 466 АҚШ долларын құрап отыр.

Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге қазақстандықтар жинаған қаражат көлемі 16 ақпан күні 3,6 млн доллар болған еді.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Түркия Республикасына гуманитарлық көмек ретінде 1 млн доллар бөлінген еді.

Бүгінге дейін қазақстандық құтқарушылар Түркияда үйінділер астынан 7 адамды құтқарып, 88 адамның мәйітін алып шықты.

Аталған елде 7 балдан асатын жойқын жер сілкінісі 6 ақпанда болды. Зілзаладан кейін 4 мыңнан астам афтершок тіркелді.

Соңғы мәліметке сәйкес, табиғи апат салдарынан қаза болғандар саны 36,1 мыңнан асты, 108 мыңнан астамы зардап шекті.

Тербелісті түрік елімен шекаралас орналасқан Сирия, Ливан, Ирак, Кипр халқы сезінді.


Соңғы жаңалықтар