Түркиядағы зілзаладан 95 сағат өткеннен кейін 7 жасар қыз құтқарылды

None
ХАТАЙ. Анадолы - ҚазАқпарат – Хатайда зілзаладан 95 сағат өткеннен кейін көп пәтерлі үйдің қалдықтарының астынан 7 жасар Ася Донмез құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Құтқару бригадасы Хатай провинциясы генерал Шюкрю Канатлы ауданындағы жұмыстарын жалғастырып жатыр. Үйіндінің астында тірі адамның бар екенін анықтаған құтқарушылар мен өрт сөндірушілер қызды аман алып шықты.

Оған алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, ауруханаға жіберілді.

Айта кетейік, құтқарушылар мен дәрігерлер енген Қазақстан құтқарушыларының екі тобы қазір түрік елінде іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бірінші эшалон – 7 ақпанда, екіншісі 8 ақпанда аттанған еді. Алғашында қазақстандық бортпен 16 адам, екінші бортпен 64 адам Түркиядан елімізге жеткізілген еді.

9 ақпанда Газиантептегі объектілердің бірінде еліміз мамандар үйінділер астынан 3 адамды құтқарып алған болатын.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Олардың бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды. Хаттайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат (Мирус) Құрмашевтің денесі де қирандылар астынан табылды.

9 ақпанда Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа құтқару операциялары жөнінде есеп берген болатын.

Соңғы мәліметке сәйкес, Түркияда жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 17 мыңнан асты, 72 мыңға жуық адам зардап шекті. Зілзала 6 ақпан күні болды. Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен жер сілкінгеннен кейін 648 афтершок болды. Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

Фото: aa.com.tr




Соңғы жаңалықтар