Түркиядағы зілзала кезінде бір қазақстандық жоғалып кетті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев Хатай қаласында жоғалып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл ақпаратты ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров растады.

Жер сілкінісінен кейін Мираспен байланыс үзілген. Қазір оны іздеу жұмыстары жүргізілуде.

«Достар, біздің досымыз, Astana Hub технопаркінің халықаралық агенті Мирус Құрмашев Түркиядағы зілзала кезінде жоғалып кетті. Ағасы Алмат Құрмашевтың айтуынша, жер сілкінісі кезінде ол Түркияның Хатай қаласында болған. Содан бері онымен байланыс үзілді. Отбасы мен достары алаңдап, жан-жақты іздестіруде, бірақ әлі де ешқандай хабар-ошар жоқ. Мирустың бауыры мен достары, қазақстандық еріктілер бүгін түнде іздестіру жұмыстарын күшейту үшін Түркияға ұшады», - деп жазылған әлеуметтік желіде.

Айта кетейік, әзірге Түркиядағы жер сілкіністерінен қаза болғандардың тізімінде Қазақстан азаматтары жоқ.

Бүгін Қазақстан құтқарушыларын апарған бортпен Түркиядан 16 қазақстандық және 2 Қырғыз Республикасының азаматы Астанаға жеткізіледі.

Сондай-ақ, Мерсин қаласындағы Құрметті консул, Түркия азаматы Ахмет Будан қонақүйге Қазақстанның 25 азаматын, оның ішінде 19 студентті паналатты. Бүгін осы 19 қазақстандық студент құрметті консулдықтың ұйымдастыруымен Анкараға жеткізілді және олар бүгін кешке Анкара-Астана рейсімен Қазақстанға қайтады.


Соңғы жаңалықтар