Түркиядағы зілзала аймағында техника мен жылаған адамдардың дауысы қатар шығып жатты – дәрігер

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Түркияға көмекке барған ел құтқарушылары марапатталды. Еңбегі жоғары бағаланып, құрмет көрсетілген мамандардың арасында Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицина орталығының дәрігері Қуат Ыбыраев та бар.

Ол марапаттау рәсімінен кейін Түркиядағы төтенше жағдай аймағында атқарған қызметі туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қуат Ыбыраев әріптестерімен бірге Түркияда 12 күн болып, жедел көмекті қажет еткен жергілікті халыққа жәрдем көрсеткен.

«Онда барғанда біз өзіміздің медициналық модульдің құрылысын ұлғайттық. Сонымен қатар бізбен бірге барған құтқарушылардың жұмысына көмектесіп, жедел медициналық көмекке мұқтаж жергілікті халыққа да жәрдем жасадық.

Түрік халқының басына түскен зілзаланы ешкімінің басына бермесін. Өте қиын жағдай болды. Жер сілкінісі аймақтарында жұмыс істеген техниканың дауыстары мен жылаған адамдардың дауыстары қатарласа шығып жатты. Әсіресе, бұл психологиялық тұрғыдан қиын сәт болды», - деп еске ады марапат иегері.



Қуат Ыбыраев 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер. Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты Апттар медицинасы орталығында қызмет етіп келе жатқанына 8 жылдан асқан.

«Біз тек медициналық емес, сонымен бірге психологиялық көмек көрсеттік. Атап айтсам, 300-ге тарта адамға психологиялық көмек шараларын жасадық. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 19 бала болды. Біздің құрамда бүкіл медициналық аппараттар болды. Ол жерде біздің шағын операциялар жасауға мүмкіндігіміз болды», - деп түйіндеді Қуат Ыбыраев.

Бүгін Қуат Ыбыраев Төтенше жағадайлар министрі Юрий Ильиннің қолынан «Құтқару операцияларына белсенді қатысқаны үшін» ведомстволық наградасын алды.

«Біздің еңбегімізді елеп-ескерілгені үшін кеудемді қуаныш сезімі кернеп тұр. Бізге қолдау көрсеткен елмізге, халқымызға рахмет!», - деп алғысын білдірді дәрігер.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев М. Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында сөйлеген сөзінде Түркиядан аман-есен оралған соң құтқарушылар міндетті түрде марапатталатынын айтқан болатын.


Соңғы жаңалықтар