Түркиядағы зілзала аймағында 1 797 тұрғын үйдің құрылысы басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жер сілкінісі аймағында 1 797 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Бұл туралы Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Екиджи айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үкіметіміз 1 жыл ішінде тұрақты баспаналар салу бойынша шаралар қабылдайды. Қазіргі таңда жер сілкінісі аймағында 1 797 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Наурыз айында 270 мың тұрғын үй құрылысын бастау жоспарланып отыр», - деді Уфук Екиджи.

Елші дерегінше, бірнеше баспанасы бар тұрғындар зардап шеккендерді бос тұрған үйлеріне уақытша орналастырған.

«Осы шаралардан басқа, халқымыз жұмылып, түрлі науқан ұйымдастыра бастады. «Үйің менің үйім болсын» бастамасымен бірнеше үйі бар азаматтарымыз жер сілкінісінен зардап шеккен кісілерге баспаналарын уақытша беріп жатыр», - деп мәлім етті Елші.

Елші брифинг барысында зардап шеккендерге көмек ретінде қазақстандықтар 5 млн доллар жинағанын айтып, алғыс білдірді.

Сонымен қоса, бүгінге дейін жер сілкінісінен қираған және құлау алдында тұрған 156 мың ғимарат анықталғанын мәлім етті.

Еске салайық, 6 ақпанда Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді.


Соңғы жаңалықтар