Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 8 адам қамауға алынды

None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркиядағы жер сілкінісіне байланысты 8 адам қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Habertürk телеарнасына сілтеме жасап.

Шанлыурфа аймағында 8 адам қамауға алынды. Оған жер сілкінісі кезінде қираған ғимараттар құрылысынан анықталған олқылықтар себеп болып отыр.

Бұған дейін Хатай қаласында жер сілкінісі кезінде құлаған Rönesans Rezidans тұрғын үй кешенінің сәулетшісі Мехмет Яшар Джошкунның Ыстанбұл әуежайында ұсталғаны хабарланған еді. Жергілікті БАҚ мәлім еткендей, ол шетелге қашпақ болған.

Сондай-ақ, «Анадолу» агенттігі таратқан ақпаратқа сәйкес, зілзаладан зардап шеккен провинцияларда жер сілкінісіне қатысты қылмыстарды тергеу жөніндегі бөлімдер құрылады.

Еске салсақ, 6 ақпанда Түркияда жеті балдан асатын екі жер сілкінісі болды (жергілікті уақыт бойынша 4:17-де – 7,7 балл және 13:24-те – 7,6 балл). Жүздеген афтершокпен жалғасқан жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде де сезілді. Эпицентрі Кахраманмараш қаласында болған жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 20 мыңнан асты, 80 мыңнан астам адам зардап шекті.

Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары Түркияда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар 7 адамды құтқарып, медицина қызметкерлеріне тапсырды. Қайтыс болған 19адамның, оның ішінде бір баланың денесі үйінді астынан шығарылды.

Жер сілкінісінен Қазақстан азаматтары да зардап шеккені белгілі. ҚР СІМ баспасөз қызметі таратқан мәліметке сай, 7 ақпанда министрліктің жедел желісіне 4 дос жер сілкінісінен кейін байланысқа шықпай қалғаны туралы қоңырау түскен. Солардың бірі – Сабина Мамадьярова аман қалса, Мирболат (Мирус) Құрмашев пен Әділ Қадырбековтің денелері табылды. Марқұмдардың мәйіттері 11 ақпанда елге жеткізіледі деп хабарланды.

Фото Анадолу сайтынан алынды


Соңғы жаңалықтар