Түркиядағы қазақстандық студенттер жергілікті жастар үшін Н.Назарбаевтың өмірімен және қызметімен таныстыруға арналған конференция өткізді

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 30 қарашада. ҚазАқпарат - Түркияда білім алып жүрген қазақ студенттері күнтізбеге енді еніп жатқан «1 желтоқсан - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мерекесін елеусіз қалдырмады.

"Сана" клубының ұйымдастыруымен, сондай-ақ ҚР Ыстамбұл қаласы Бас Консулдығының қолдауымен өткен іс-шарада Н.Назарбаевтың  Қазақстан Республикасының  қалыптасуына қосқан үлесі жан-жақты айтылды.

 Ыстамбұл университеті студенттерінің зор қызығушылығын оятқан бұл басқосу түрік студенттері мен қазақ студенттерінің арасындағы байланысты нығайтуға да ықпал етті.

Ыстамбұл Университеті халықаралық қатынастар факультетінің студенті Нұрлан Мүминов, әдебиет факультетінің магистранты Лаура Болатова, сонымен қатар Мимар Синан университетінің докторанты Айнұр Ержебаева Елбасымызды әр қырынан жергілікті студенттерге қысқаша баяндама арқылы танытты.

Сондай-ақ шараны ашып берген жаратылыстану ғылымдары факультеті деканы Баки Аккуш: "Осындай жасампаз, кемеңгер саясатының арқасында мемлекетін алдыңғы қатарлы елдермен иық тірестіретін деңгейге әкелген Елбасыларың бар, бақытты елсіздер», - деді.

Жиын барысында сөз алған қырғыз, тәжік, ахыска, монғолиялық қазақ бауырларымыз да Президенттің атқарған істері мен көреген саясатын мақтанышпен тілге тиек етті.

 Елбасымен аттас қырғызстандық студент сөзінің соңын: "Алға Нұрсұлтан! Алға Қазақстан!" деп аяқтап, жұртты бір серпілтті.

Жиын барысында Қазақстан туралы фильм көрсетілді, Елбасының суреттері мен атқарған істерін баяндайтын слайд-шоу студенттер назарына ұсынылды.

Сондай-ақ шетелдік студенттер арасында Қазақстан туралы сұрақ-жауап сайысы ұйымдастырылды. Дұрыс жауаптар берген студенттер сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар