Түркиядағы қазақстандық сарапшы: Халық сайлауға өте белсенді қатысып жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Халықаралық қатынастар маманы, Түркияның Эрзинжан қаласындағы «Бинали Йылдырым» университетінің шақырылған профессоры Айнұр Ноғаева елдегі президент және парламент сайлауы қалай өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркияда қазір өтіп жатқан сайлау өте маңызды болып отыр. Онда 60 миллионнан астам ел тұрғыны дауыс бере алады, оның ішінде 5 млн адам – жасы 18-ге жаңа толған жас сайлаушылар. Президенттікке бастапқыда 4 кандидат түскен еді, оның бірі Мұхаррем Инже өз кандидатурасын алып тастады. Осылайша үш кандидат қалды және президент болған Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы – Кемал Қылышдароғлы болды. Қазір болжам жасау өте қиын, екі тарап та сөзсіз жеңіске жететіндерін айтуда. Сайлаудан бас тартқан Мұхаррем Инженің жақтаушылары кімге дауыс береді, бұл жалпы сайлау нәтижесіне қалай әсер етеді, сол қызық», - деді Айнұр Ноғаева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Сарапшының айтуынша, Түркиядағы президент сайлауы мемлекеттің өзі үшін, аймақ үшін және әлем үшін өте маңызды, көптеген елдер сайлау нәтижесін күтуде.

«Халықаралық қатынастар маманы болғандықтан, менің байқағаным Түркияның халықаралық ойыншы ретінде көпвекторлы саясат елге көптеген жетістіктер әкелді. Дәл осы көпвекторлық саясат сақтала ма, жоқ па, бүгінгі сайлау айқындап береді. Сонымен бірге, Түркияда президенттік сайлаумен қатар парламент сайлауы да өтіп жатыр, онда 26 партия бақ сынауда. Оның 13-і біріккен альянстар болса, 13-і – жеке партиялар», - деді А. Ноғаева.

Спикер «Ақпан айында Түркияда болған жойқын зілзала қазіргі сайлауға қалай әсер етті?» деген сұраққа жауап берді.

«Халықтың пікірі екіге жарылды деуге болады. Бір бөлігі билік жылдар бойы құрылыс саласын босаңсытып жіберді дейді, екінші бір бөлігі – кінәлі мердігерлердің ұсталуын, күні-түні жаңа үйлердің салынуын, барлық министрдің апат орындарына арнайы келгенін мемлекеттің үлкен қолдауы деп бағалады. Коронавирус індеті өршігенде Түркия билігі 150 мемлекетке жәрдем көрсетіп, тегін дәрі-дәрмектер жіберген екен. Зілзала болғанда Түркияға да көптеген елдер көмек жіберді. Мұны Р.Ердоғанның халықаралық аренадағы беделімен байланыстыратындар бар. Жалпы зілзала 13 провинцияда болды, онда 20 млн халық тұрады, бұл да сайлау нәтижесіне елеулі ықпал етеді», - деді А. Ноғаева.

Қазақстандық сарапшы Түркия халқының сайлауға өте белсенді қатысатынын айтты.

«Халық тұтас көшеге шығады, бір партия сайлаушылармен кездесіп, митинг өткізіп жатса, қарама-қарсы бетінде екінші бір кандидатты қолдау науқаны жүріп жатады. Әр партия өз шатырын құрып отырады, оған тұрғындар барып, өз ойларын, пікірлерін айтып, жақсы қолдау көрсетеді. Жастар да «Twitter» желісінде өз ойын ашық жазады. Яғни халық алаңда да, әлеуметтік желіде де өте белсенді деуге болады», - деді қазақстандық маман.

Айта кетейік, Түркияда 28-ші шақырылымдағы парламент және президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау учаскелері таңғы 8:00-де ашылып, жергілікті уақыт бойынша 17:00-де жабылады. Елде барлығы 191 885 дауыс беру жәшігі орнатылды.


Соңғы жаңалықтар