Түркиядағы қазақ студенттері бас қосты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ғимаратында осы елде білім алып жатқан қазақстандық жастардың қатысуымен «Халықаралық қауымдастықта Қазақстанның рөлі» атты «дөңгелек үстел» өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат қазақстандық дипломатиялық өкілдікке сілтеме жасап.

Жиынға Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы, сондай-ақ Саян Шылмәмбетов, Ермұхамет Маралбек, Дінмұхамед Қасымбек, Еркін Қалидолла, Дана Қасқабаева, Дархан Әбішев, Ерболат Саруаров сынды Хажеттепе, Гази, Анкара, Йылдырым Баязит университеттерінің докторанттары мен магистранттары қатысты.

Елші А.Сапарбекұлы қазақстандық азаматтарды Алғыс айту күнімен құттықтады. Сонымен қатар Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқына арнаған Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіріп, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жайлы егжей-тегжейлі айтып берді.

Осы орайда Гази университетінің магистранты, әзербайжандық Ахмат Хасанов бейбітшілікті сақтап, ынтымақты ту еткен қазақ жұртына алғыс айтып, күллі Қазақ елін айтулы мерекемен құттықтады.

Өз кезегінде, жас зерттеуші-ғалымдар «БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі және Қазақстанның халықаралық қауіпсіздіктегі орны», «БҰҰ құрылуы және оның тарихи миссиясы», «Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастық», Шанхай ынтымақтастық ұйымы және Қазақстанның геосаяси аспектілері», «БҰҰ шеңберіндегі лаңкестікке қарсы күрес Қазақстанның лаңкестікке қарсы күрестің заңнамалық шаралары», «Түркі әлемі және Қазақстан», «Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сақтау ұйымымен ынтымақтастығы» сынды тақырыптар төңірегінде баяндама жасады.

Жиын соңында А.Сапарбекұлы қазақ жастарын Алғыс хаттармен марапаттады. 

 

Соңғы жаңалықтар