Түркиядағы алапат өрттен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ - Елшілік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркияның Анталья провинциясындағы алапат өрттен қаза тапқандар мен зардап шеккендер арасында Қазақстан азаматтары жоқ, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Түрік Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.


«Осы қиын сын сағатта түрік бауырларымызға Алла жар болсын дейік. Түркияның Анталья провинциясы Анталья мен Алания арасындағы Манавгат ауданында таулы жерде (теңіз жағалауынан ұзақтау) кеше сағат 12:00 басталған бұрын соңды болмаған өрт әлі де жалғасуда. Әрине, бірінші кезекте ҚР азаматтарының қауіпсіздігі. Анталья Консулдық есебінде ресми тіркелген 200-ге жуық азаматымыз бар. Іс жүзінде бұл жерде тұрғылықты, қысқа мерзімді тұрып жатқан азаматтарымыздың саны әлдеқайда жоғары. Демалысқа келіп демалып жатқандар көп. Абырой болғанда қаза тапқан және ондаған жаралы кісілер арасында біздің азаматтар жоқ», - дейді Түркиядағы Қазақстан Елшісі.




Төтенше және Өкілетті Елші ресми мәлімет бойынша 600 гектардан астам орман отқа оранғанын айтады.

«Өрт шарпыған орманның ауқымы бұдан 3-4 есеге артуы мүмкін. 50-ге жуық шағын ауылдар көшірілген. 7-8 ауыл жанып кеткен. Яғни, түсінетіндерге түрік ағайындар өте қиын жағдайға тап болып отыр. Өкінішке қарай қатты желге байланысты өрт толық бақылауға алынды деу қиын. Тілсіз жау Алания ауданы шекерасына жақындап қалды деген ақпараттар түсуде», - дейді Абзал Сапарбекұлы.


Соңғы жаңалықтар