Түркиядағы 100 жылдағы ең жойқын жер сілкінісі туралы не белгілі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркия мен оған көршілес бірқатар мемлекетте 7,8 балдық жер сілкінісі болып, Түркия мен Сирияда 1000-нан астам адам көз жұмды, 6 мыңнан астам адам зардап шекті. Жүздеген үй мен ғимарат қирады. Үйінді астында қалған, жарақат алған, қайтыс болғандар саны сағат санап артып жатыр. Ал қираған ғимараттар астында қаншаа адам қалғаны әлі белгісіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев болған қайғылы жағдайға байланысты Түркия президентіРежеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады. Сонымен қатар ол Қазақстанның Түркияға көмек қолын созуға дайын екенін жеткізді.

Жалпы Түркия жер сілкінісі болу ықтималдығы жоғары аймақ қатарында екені белгілі. Сейсмологтардың айтуынша, ел аумағында жер сілкінісі екі күннің бірінде болады. Бірақ олардың магнитудасы аз болғандықтан, тұрғындар оны сезе бермейді. Алайда бүгінгі болған магнитудасы 7,8 балдық жер сілкінісі тек Сирия мен Түркияда ғана емес, оларға көршілес жатқан мемлекеттерге де сезілді. Мамандар мұны соңғы жылдардағы ең күшті жер сілкіністерінің бірі болуы мүмкін екенін айтып отыр. Жалпы бүгінгі оқиғаның жай-жапсары толығырақ ҚазАқпарат шолуында.

Түркияның оңтүстік-шығысында және Сирияның солтүстігінде болған жер сілкінісі салдарынан осы уақыттағы соңғы мәліметтерге қарағанда кем дегенде 1300-ге жуық астам адам қаза тапты. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған Түркияда қаза тапқандардың саны 912-ге жеткенін айтты. Соңғы дерек бойынша, Түркияның әртүрлі қалаларында кем дегенде 2000-ға жуық ғимарат қираған. Сейсмологтар бұл Түркиядағы соңғы уақыттағы ең жойқын жер сілкіністерінің бірі болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Ал Сирияда 384 адам қаза тапты деп хабарлайды мемлекеттік БАҚ. Сирия Денсаулық сақтау министрлігі Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларында жер сілкінісі салдарынан құрбан болғандар бар екенін мәлім етті.

Түркияның қай аймақтары зардап шекті?

Бұған дейін Түркия Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу 10 қаланың зардап шеккенін айтты, олардың қатарында Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адияман, Малатия, Шанлыурфа, Адана, Диярбақыр және Килис шаһарлары бар. Аталған аймақтарда кем дегенде 1710 ғимарат қираған немесе зақымдалған.

Апат пен төтенше жағдайларды басқару басқармасының (AFAD) хабарлауынша, Түркияның Сириямен шекаралас Кахраманмараш провинциясы жергілікті уақыт бойынша таңғы төрттер шамасында 7,8 балдық жер сілкінісінің ошағына айналды. Көп ұзамай Газиантеп провинциясында магнитудасы 6,6 болатын тағы бір жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері жарты сағат ішінде әртүрлі аймақтарда, соның ішінде Түркияның астанасы Анкарада, Адана, Невшехир, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Хатай өңірлерінде сезілді. Al Arabiya телеарнасының хабарлауынша, жер сілкінісін Ирак пен Ливанның кейбір аймақтарының тұрғындары да сезген. Сонымен қатар Израильде де жер асты дүмпулері байқалған.

Әзірге Түркияда кем дегенде 5 383 адам, Сирияда 639 адам жарақат алғаны белгілі болып отыр. Өкінішке қарай, олардың саны көбеюі мүмкін.

Қазақстан Түркияға көмек көрсетуге дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның оңтүстік-шығысында жер сілкінісі салдарынан жүздеген адамның қаза табуына байланысты осы елдің президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын»,-делінген жеделхатта.

Сонымен қатар Президент Қазақстанның Түркияға тиісті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Қазіргі кезде Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты. Жақын арада Түркия Үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады.

Фото: aa.com.tr

Түркияда жүздеген ғимарат қирады, қаза тапқандар саны артуда

Анкарадағы табиғи апатқа байланысты Мемлекеттік төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында жедел жәрдем орталығы ұйымдастырылды.

Қазіргі кезде Түркия билігі дабылдың ең жоғары деңгейін жариялады. «Елде төртінші дәрежелі дабылдың ең жоғары деңгейі жарияланды. Төтенше жағдайлар басқармасымен бірге біз аймақтарға құтқарушыларды жібердік», - деді Ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу. Сондай-ақ ол бірінші зілзаладан кейін тағы жер сілкінісі болғанын атап өтті. Олардың барлығының магнитудасы 6 балдан асады.

Ал Сирияға келсек, онда дүмпулерден кейін Хама провинциясында бірнеше ғимарат қираған. Қазіргі кезде елдің солтүстігінде теміржол қатынасы тоқтатылды, жолдар мен көпірлердің жағдайы тексерілуде.

Бханнестегі Ұлттық геофизикалық зерттеулер орталығының сейсмологтары Ливанның көптеген аймағында, соның ішінде астанасы Бейрут пен Бекаа өңірінде, сонымен қоса Бағдадта да жер сілкінісі сезілгенін хабарлады.

Түркияда екі ірі әуежай жұмысын тоқтатты

Түркияның оңтүстігінде орналасқан екі халықаралық әуежай бүгінгі жер сілкінісі салдарынан рейстерді жөнелту мен қабылдауды уақытша тоқтатты.

Антакия қаласындағы Хатай әуежайы жер сілкінісі кезінде жалғыз ұшып-қону жолағына зақым келгендіктен, қазіргі таңда жұмысын тоқтатып, жабылды.

Сонымен қоса Газиантеп әуежайында азаматтық авиацияның рейстері тоқтатылды. Ондағы ұшып-қону жолағына зақым келген жоқ. Алайда әлеуметтік желіде жарияланған кадрлардан жер сілкінісі кезінде үрейленіп далаға жүгіріп шыққан адамдарды көруге болады. Сондай-ақ ғимарат төбесінің бөліктері құлап жатқанын да аңғаруға болады.

Айта кетейік, Ыстанбұл, Анкара және Анталия әуежайлары қалыпты жұмыс істеп тұр. Белгілі болғандай, Анкара мен Анталия әуежайларындағы кестеде ешқандай өзгеріс жоқ. Ыстанбұлда ауа райының нашарлауына байланысты бірқатар рейс тоқтатылды, бірақ бұл туралы жолаушыларға алдын ала хабарланған.

Фото: Sertac Kayar / Reuters

Әлем қауымдастығы Түркия мен Сирияға көмектеседі

Еуропалық Одақ (ЕО) Түркия мен Сирияға елде болған жер сілкінісіне байланысты көмек беруге дайын екенін жеткізді. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррел Twitter-де мәлім етті.

«Бүгін таңертең Түркия мен Сирияда жойқын жер сілкінісі болып, жүздеген адам қаза тауып, көптеген адам жараланды. Біз Түркия мен Сирия халқымен біргеміз»,-деп жазды Еуропа дипломатиясының басшысы.

Фото: BAKR ALKASEM/AFP via Getty Images

Швеция Сыртқы істер министрі Тобиас Билльстрем де Түркия мен Сирияға көмектесуге дайын екенін айтты. «Швеция ЕО Кеңесіне төрағалық етеді, сондықтан да біз Түркия мен Сирияға көмектесу үшін үйлестіру жұмыстарын жүргізуге әзірміз»,-деді ол.

Бұған дейін Әзербайжан Түркияға 370 құтқарушы тобын жіберетінін мәлім еткен еді. Әзербайжан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі олардың Түркияға іздеу-құтқару жұмыстарына көмектесу және жер сілкінісі салдарын жою үшін жіберілетінін нақтылаған болатын.

Сонымен қоса АҚШ, Украина, Израиль, Грекия, Италия секілді мемлекеттер де табиғи апатқа байланысты Түркия мен Сирияға көмек қолын созатынын хабарлады.

Айта кетейік, бұған дейін ҚР Сыртқы істер министрлігі Түркияда орын алған қуатты жер сілкінісі салдарынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың арасында Қазақстан азаматтары жоқ екенін айтқан болатын.


Басты фото: aa.com.tr


Соңғы жаңалықтар