Түркияда зілзала аумағында қалған қазақстандықтар қайда хабарласа алады

None
АСТАНА. Анадолы - ҚазАқпарат – Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі ел азаматтарын Отанға қайтару шараларын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Құрметті Қазақстан азаматтары! 2023 жылы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығыс аумағында болған жер сілкінісіне байланысты, 7 ақпанда Газиантеп қаласындағы Қазақстан азаматтарын елге алып кету шаралары жүргізілуде. Осы ретте Қазақстанға қайтамын деген ҚР азаматы болған жағдайда, 7 ақпанда жергілікті сағат 12:00-де Газиантеп қаласының әуежайында тиісті процедуралардан өтіп (паспорт бақылауы, қауіпсіздік тексерісі т.б.), дайын болуы тиіс», - деп мәлімдеме жасады Ыстанбұлдағы Қазақстан консулдығы.

Сонымен қатар Қазақстанға оралуға ниетті азаматтардың тізімін құрастыру үшін міндетті түрде көрсетілген нөмірлерге хабарласу қажет: +90 538 880 70 41 (Консул Темірлан Сайлауұлы), +90 312 491 91 00 (кезекші комендант).

Айта кетейік, Қазақстанның құтқарушылары жер сілкінісі салдарын жоюға көмек көрсету үшін Алматыдан Түркияға аттанды. Оның құрамында Қазақстанның республикалық жедел құтқару жасағының құтқарушылары, медициналық қызметкерлер және құтқарушы иттер бар.

Тиісті тапсырманы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев берді. Борт бірінші кезекте Газиантеп қаласына барады.

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған елдің оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісіне байланысты 12 ақпанға дейін жеті күндік ұлттық аза тұту жариялады.

Соңғы деректерге сәйкес, Түркияның Кахраманмараш провинциясында зілзаладан көз жұмған адамдар саны 3381 адамға жетті, 20426 адам жарақат алды.


Соңғы жаңалықтар