Түркияда жүрген қазақстандық құтқарушының Алматыда сәбиі дүниеге келді

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Түркиядағы жойқын зілзаладан зардап шеккендерді іздестіру-құтқару жұмысына атсалысып жатқан қазақстандық құтқарушы Біржан Байқұловтың отбасында қуаныш болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Түркиядағы жойқын жер сілкінісінің зардабын жоюға қатысып жатқан қазақстандық құтқарушылардың үлкен командасының құрамындағы ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының бас құтқарушысы Біржан Байқұловтың бүгін Алматыда қызы дүниеге келді. Қызға Ясмина деген әдемі есім берген.

Біз ержүрек құтқарушымызды қызының дүниеге келуімен құттықтаймыз және оған зор денсаулық тілейміз. Ал Біржанның өзіне Отанына тезірек аман-есен оралуына тілектеспіз! Қызмет үшін рахмет!», - делінген Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы 8 ақпанда кешқұрым жетті.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Оның бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды.

Хатайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат Құрмашевтің денесі де қиранды астынан табылды.

6 ақпанда Түркияда болған жойқын зілзаладан қаза болғандар саны соңғы мәліметке сәйкес, 24 мыңнан асты.

ҚР ТЖМ мәліметінше, қазақстандық құтқарушылар бүгінге дейін үйінділер астынан 26 адамды алып шықты, олардың жетеуі - аман.

Қазақстан мамандары Түркияда медициналық көмек көрсету пунктін де ашып, зардап шеккендерге көмек көрсетіп жатыр.


Фото: t.me/qr_tjm


Соңғы жаңалықтар