Түркияда жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 21 мыңнан асты

None
АСТАНА. Анадолы-ҚазАқпарат - Жаңартылған мәліметке сенсек, Түркияда жер сілкінісінен көз жұмғандар саны 21 мыңнан асқан, 80 мыңы жараланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия үкіметі жанындағы апаттар мен төтенше жағдайлар басқармасының (AFAD) соңғы мәліметіне қарағанда, Түркиядағы жер сілкінісінен зардап шеккендердің саны 21 043-ке жеткен, 80 097 адам жараланды.

Түркиядағы алапат зілзала 6 ақпан күні Түркияның Кахраманмараш-Пазарджик ауданында 7,7 балл қуатымен және Эльбистанда 7,6 балл қуатымен басталған еді.

Жер сілкінгеннен кейін артынан 648 афтершок болған.

Жерасты дүмпуі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес елдерде, соның ішінде Сирияда сезілді.

8 ақпанда түрік елінде 5,4 магнитудасымен тағы бір сілкініс тіркелді.

Еске салайық, Қазақстан құтқарушылары мінген борт 7 ақпан күні Газиантепке аттанған болатын. Мамандарымыздың екінші тобы Газиантепке кешке кешқұрым жетті.

Түрік елінде зілзала кезінде жоғалып кеткен бірнеше қазақстандық табылды. Оның бірі – Сабина Мамадьярова 8 ақпан күні үйінді астынан аман шығарылды.

Хатайда жұмыс істеп жатқан қазақстандық құтқарушылар Әділ Қадірбековтің өлі денесін тапты. Көп ұзамай Мирболат Құрмашевтің денесі де қиранды астынан табылды.


Соңғы жаңалықтар