Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 85-ке жетті

None
None
ИЗМИР. АНАДОЛЫ –ҚазАқпарат – Түркияның Измир қаласында магнитудасы 6,6 балдық жер сілкінісінен ажал құшқандар саны 85-ке жетті. Бұл туралы дүйсенбі күні Түркия үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және олардың салдарын жою жөніндегі басқармадан (AFAD) мәлім етті. «ҚазАқпарат» ХАА бұл туралы «Анадолы» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Зардап шеккен 962 адамның 743-і ауруханадан шығарылды, 219 адам әлі ем алып жатыр. Жансақтау бөлімінде 9 азамат жатыр, төртеуінің жағдайы ауыр.

Опырылып түскен 8 тұрғын үйдің қирандылары астынан іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні, жерасты дүмпуінен 58 сағат өткеннен кейін үйінді астынан 14 жастағы қыз шығарылды.

Үйінді астынан табылған, жарақат алған азаматтар саны 105-ке жетті.

Түркияның Эгей теңізі жағалауындағы алғашқы зілзаладан кейін жалпы 1120 әлсіз жерасты дүмпуі тіркелген. 43 афтершоктың магнитудасы 4 балдан асқан.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған табиғат апатының салдарын жою үшін барлық күш жұмылдырылғанын мәлімдеді. Ол үйлерінен айырылған азаматтардың бәрі жаңа пәтерге ие болатынын атап өтті.

Еске сала кетсек, 29 қазанда Измир провинциясындағы Эгей теңізінде 6,6 балл қуатымен жер сілкінді.

Бұған дейін ҚР СІМ Түркиядағы қуатты жер сілкінісінен зардап шеккендер қатарында қазақстандықтар жоқ екенін хабарлады. Түркиядағы апатқа байланысты Қазақстан елшілігі еліміз азаматтарына арналған телефон нөмірлерін жариялады.

Фото: Anadolu Agency, www.limkhub.com
Соңғы жаңалықтар