Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 31-ге жетті

None
None
АНКАРА. АНАДОЛЫ-ҚазАқпарат – Түркияда жер сілкінісінен қаза болғандар саны 31-ге жетті. Бұл туралы ел үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою жөніндегі басқармадан (AFAD) мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, құтқарушылар үйінділер астынан зардап шеккен 44 адамды алып шықты. Медициналық көмекке барлығы 1566 адам жүгінген. 76 ғимарат қирап, 643 нысанға айтарлықтай нұқсан келген. 425 нысан жеңіл және орташа деңгейде зақымданды.

Зілзаладан кейін іле-шала 599 афтершок тіркелді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркия шығысында 24 қаңтар күні жергілікті сағат 20.55-те 6,8 магнитудасымен жер сілкінді. Жерасты эпицентрі Сивридже уезінде Элязыг провинциясында орналасты. Мыңдаған адам түндерін көшеде өткізді.

AFAD-тың ақпаратына сүйенсек, зілзаладан соң 4,0 және одан жоғары балл қуатымен афтершоктар болды. Жерасты дүмпулері Элязыгқа жақын орналасқан провинцияларда (Адана, Хатай, Османие, Тунджели, Газиантеп, Шанлыурфа, Малатья, Мардин, Самсун, Токат, Чорум және Кайсери), сондай-ақ Сирия солтүстігінде сезілді.

ҚР СІМ мәліметі бойынша, Түркиядағы табиғи апаттан зардап шеккендер арасында қазақстандықтар жоқ.

Ел президенті Реджеп Тайип Ердоғанға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көңіл айтты.



Соңғы жаңалықтар