Түркияда жер сілкінісінен 49 күн өткенде Хан атты мысық аман табылды

Автор:  
Жанат Қапалбаева

Түркияда жер сілкінісінен 49 күн өткенде Хан атты мысық аман табылды Фото: .aa.com.tr

ҚАХРАМАНМАРАШ. Анадолы-ҚазАқпарат - Түркияның Қахраманмараш өлкесінде жер сілкінісінен кейін 49 күн өткенде үйінді астынан мысық аман табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

6 ақпанда жер сілкінісі болған кезде туризм бизнесімен айналысатын 36 жастағы Нида Дина қызы Нил Берил Ташгетиренмен және британдық 2 жасар Хан атты мысығымен бірге үйде еді.

Олар «12 Ақпан» ауданындағы Рейхан Кент, 1 мекенжайында көппәтерлі үйде тұратын.

Дина алғашқы жер сілкінісі болған кезде қызымен бірге тез-тез үйден қашып шыққан, ал мысық сол күйі пәтерде қалып қойған.

Сол күнгі екінші зілзаладан кейін 11 қабатты үй қирап, түгел құлады. Қирандының астында қалған мысықты табу мүмкін болмады.

Нида Дина үйіндінің қасынан кетпей 40 күнге жуық көлікте отырып, мысығын күтті. Ол мысығының суретін жақын маңдағы адамдарға көрсетіп, көрген-көрмегенін сұрап шыққанын айтады, алайда көп адам оны түсінбеген.

photo

Арада 49 күн өткенде Хан тірі табылғанда ол өз көзіне сене алмай, қатты қуанды.

Мысық жүре алмайды, аяғы сынған. Ол қазір емделіп жатыр.

«Мысығымды таптым. Бұл біз үшін адам сенгісіз таңғажайып оқиға болды. Соңғы сәтке дейін үмітімді үзген емеспін. Ол үнемі менің жанымда ұйықтайтын. Қирандыларды аршып жатқан экскаватор жүргізушісі мен ғимараттың иесі оны ас үйдегі кілемнің үстінен тауыпты. Оны бірден ветеринарға апардық. Жағдайы нашар, дәрігерлер ішкі мүшелерін де қарап, емдеп жатыр. Ешқандай қиындықсыз денсаулығы қалпына келеді деп сенемін», - дейді мысықтың иесі.

Ветеринар Фатмагүл Ханжыоғлы соңғы 2 жыл бойы мысықты өзі қарап, екпе салып келген екен.

«49 күннен кейін аман табылғанына өте қуаныштымыз. Ағзасы сусызданған, көп сұйықтық беріп жатырмыз. Емін әрі қарай жалғастырамыз. Тірі қалады деп үміттенемін», - дейді ветеринар.

Ғимарат иесі Фахри Хатипоғлының айтуынша, асүйдегі ыдыстарды сыртқа шығармақ болып үйіндіні қазып жатқанда мысықты байқап қалған.

«Достарыммен бірге алақанымызға салып сыртқа алып шықтық. Сосын бірден иесіне жеткіздік. Қожайыны ешқайда кетпей, әлі осында күтіп жүрген еді»,-дейді ол.

Ол мысықты құтқару сәтін ұялы телефонының камерасына түсіріп алғанын айтады.





Серіктестер жаңалықтары