Түркияда жаңа Конституция қабылдау мәселесі қарастырылып жатыр

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоған мемлекеттің жаңа негізгі заңын қабылдау мәселесін талқылауды бастау қажет екенін хабарлады.

Бұл туралы түрік көшбасшысы үкімет отырысы кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Анадолы» агенттігіне сілтеме жасап.

Түркия басшысының айтуынша, бұл процесс жария түрде жүзеге асырылуы тиіс.

Президенттің сөзінше, жаңа конституцияны талқылайтын уақыт келді.

«Біз оны жақын арада бастауымыз мүмкін. Бұл оқиға ашық түрде жүзеге асырылуы тиіс. Қорытынды мәтін халықтың қарауына ұсынылады», - деп атап өтті Режеп Тайып Ердоған.

Сондай-ақ түрік көшбасшысы жақында билік өкілдері жаңа өзгерістер жобасы туралы ақпараттардан хабардар ететінін айтты. Онда, негізінен, реформалар пакетінің негізгі міндеті мен мақсаты түсіндіріледі.

«Егер біз осы тақырыпқа байланысты серіктестеріміз – Ұлтшылдық қозғалысы партиясымен келісе алсақ, жақын арада жаңа конституцияны талқылауға кірісеміз», деп атап өтті түрік басшысы. Бірақ, ол нақты нені өзгерту жоспарланып отырғанын түсіндірмеді.

2017 жылдың сәуірінде Түркияда парламенттік басқару жүйесінен президенттікке ауысу туралы конституциялық референдум өтіп, Режеп Тайып Ердоғанның жақтастары аз ғана дауыс айырмашылығымен жеңіске жеткен болатын. Осы реформаға сәйкес, Түркия президенті мемлекеттік жүйенің басшысы атанып, вице-президент пен министрлерді тағайындау өкілеттілігін алды. Премьер-министр қызметі жойылды.

Автор: Ақжігіт Чукубаев


Соңғы жаңалықтар