Түркияда үйінді астында қалған мәйіттердің көптігі жан түршіктірді - ақмолалық құтқарушы

None
Фото: Тілеген Темірболатовтың жеке мұрағатынан
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Түркиядағы апат салдарын жоюға қатысқан Ақмола облыстық төтенше жағдайлар департаментінің Көкшетау қалалық №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімшесінің командирі Тілеген Темірболатов ҚазАқпарат тілшісіне өзі тап болған тосын жайттар туралы айтып берді.

«Біз Түркияға жер сілкінісінен екі күн өткенде ұшып бардық. Газиантеп қаласында құлаған 6 үйдің орнында, үйінді астында 30-ға жуық адам қалған учаскеде жұмыс істедік. Ол жерде тірі қалғандар болған жоқ, барлығы қаза тапқан. Ең қиыны - үйіндінің астында мыжылып қалған адамдардың мәйітін алып шығу болды. Әсіресе, балалардың мәйітін көргенде жүрегің қан жылайды. Жансыз дене болса да, біз оларды бүтін күйінде алып шығуға тырыстық. Өйткені, олардың туыстары құтқару процесін тәулік бойы бастан-аяқ бақылап отырды. Біз іздеуге қатысқан кезде қасымызда екі ұлы, қызы мен анасынан айырылған ер адам тұрды. Ол туысқандарының денесін алып шыққанымызды асыға күтті. Кейін туыстарының денесін бүтіндей алып шыққанымызда ер адам еңіреп жылап жіберді, бізді құшақтап, алғысын айтты», - деп еске алады құтқарушы.

Тәжірибелі құтқарушы бұл салада бірінші жыл еңбек етіп жүрген жоқ, моральдық тұрғыдан дайындықтан өткен.

«Әріптестерім Түркияға барарда оңай болмайтынын білді. Біз мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейміз, қаза тапқандардың денесін оқиға болған жерден талай рет алып шығып жүрміз. Түркиядан бөлек, өзімізде де бүтін бір отбасы мүшелерінің қайтыс болғанын көрдік. Ал бұл жолы зілзалада өліктердің көптігі жан түршіктірді. Бірақ қорқыныш болған жоқ», - деп түйіндеді Тілеген Темірболатов.


Соңғы жаңалықтар