Түркияда түркітілдес мемлекеттердің мәдениет және өнер фестивалі өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 7 мамыр. ҚазАқпарат - Кайсери қаласында Түркияның жетекші оқу орындарының бірінен саналатын Ержиес университеті ұйымдастырған түркітілдес мемлекеттердің мәдениет және өнер фестивалі өтті.

Іс-шараның ашылу салтанатына Кайсери губернаторы Мевлют Билижи, Кайсери мэрі Мехмет Өзхасеки, Ержиес университетінің ректоры Фахреддин Келештемур, Елшілік қызметкерлері, университеттің оқытушы-профессорлық құрамы мен студенттері, Анкарада тіркелген елшіліктер, қаланың ғылыми-академиялық топтарының, сондай-ақ ТР БАҚ өкілдері қатысты.

Фестиваль шеңберінде Түркияның әр түрлі жоғары оқу орындарында білім алып жүрген түркітілдес  мемлекеттер студенттері өз елінің мәдениетімен таныстыру мақсатында салт-дәстүрі, өнері жайында қойылымдар көрсетті.  Қазақстандық студенттер «Қара жорға» биін билеп, домбырада «Ақсақ киік» күйін және т.б. орындап, көрермендердің зор қызығушылығын туғызды.

Елшіліктің қолдауымен университеттің мәдениет және өнер орталығында қазақ халқының қолөнер бұйымдары, ұлттық костюмдері, тұрмыстық заттары, ұлттық музыкалық аспаптары және т.б. қойылды. Бұдан басқа, келушілерге Елшіліктің күшімен түрік тілінде жарыққа шыққан Қазақстан туралы кітаптар, брошюралар, журналдар ұсынылды. Сондай-ақ келушілердің назарына Қазақстанның ірі қалаларының мәдени және тарихи ескерткіштерімен бірге түсірілген көрікті жерлері, қайталанбас пейзаждары мен бірегей табиғаты, жан-жануарлар әлемі бейнеленген суреттер қойылды.

Студенттер арасында түркі халықтарының тарихынан, мәдениетінен өткен сайыста олар өздерінің терең білімдерін көрсетті.

Қазақстан студенттеріне бағдарламаның қазақстандық бөлігінің мазмұндылығы үшін Ержиес университеті ректорлығының арнайы сыйлығы табыс етілді.

Фестиваль түркітілдес мемлекеттер халықтарын жақындастыруда, сондай-ақ достығы мен бауырластығын нығайтуда маңызды рөл атқарды.

Соңғы жаңалықтар