Түркияда «Нұрсұлтан Назарбаев - түркі әлемінің көшбасшысы, дүниежүзілік ауқымдағы көшбасшы» атты конференция өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 30 қараша. ҚазАқпарат - 29 қарашада Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Елшілігінде ҚР Тұңғыш Президенті Күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Іс-шараға ТР Президенті аппаратының басшысы Мұстафа Исен, ТР Әділет және даму билік партиясының Бас хатшысы Халюк Ипек, ТР Парламентінің бұрынғы төрағасы Хикмет Четин, ТР СІМ дипломаттары, Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Бас директоры (ТИКА) Сердар Чам, «ТРТ-Аваз» мемлекеттік телеарнасының бас үйлестірушісі, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары, Түркияның қоғамдық-саяси, академиялық және іскер топтарының, шетелдік дипкорпус, Түркия БАҚ-ның басты өкілдері қатысты.

Конференцияның ашылуында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Ж.Түймебаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы, әлемдік қоғамдастыққа кірігуіндегі маңызды рөлін атап өтті.

ТР Парламентінің бұрынғы төрағасы, бұрынғы Сыртқы істер министрі Хикмет Четин 1992 жылы сыртқы істер министрі ретінде Қазақстанда бірінші рет кездескен Н.Назарбаевтың көшбасшылық қасиеттерін ерекше атап өтті. «Қазақстан Президентінің қызметі қазақстандық халықтың тұрақты дамуы мен өркендеуін қамтамасыз етуге бағытталған. Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан әлемдік аренадағы беделді мемлекетке айналды. Н.Назарбаев сондай-ақ түркі әлемінің тұтастығы үшін де ұдайы күш-жігерін жұмылдыруда. Қазақстан Басшысының өзекті халықаралық бастамаларын түркі әлемі де, сондай-ақ бүкіл дүниежүзілік қоғамдастық та қолдайды. Бұған Қазақстан Президентінің түркі әлемінің көшбасшысы ғана емес, дүниежүзілік ауқымдағы көшбасшысына айналғаны куә болып отыр», деді Х.Четин.    

ТР Парламентінің бұрынғы төрағасы түрлі жылдары өткен халықаралық саммиттер шеңберінде Н.Назарбаевпен болған кездесулер туралы естеліктермен бөлісе отырып, Қазақстан Басшысының әрқашан әріптес-президенттер арасында өңірлік және жаһандық ауқымдағы мәселелерді шешудің оңтайлы нұсқаларын ұсына алатын қабілетімен ерекшеленіп тұратынын атап өтті. Х.Четиннің пікірі бойынша, Қазақстанның дүниежүзілік аренадағы жетістіктері, соның ішінде ЕҚЫҰ, ИЫҰ-да төрағалық, ЭКСПО-2017 сайлауындағы жеңіс Қазақстан Республикасы Президентінің жеке қасиеттері мен күш-жігерлерінің арқасында мүмкін болды.

ТР Әділет және даму билік партиясының Бас хатшысы, Парламенттің қазақ-түрік достық тобының төрағасы Халюк Ипек конференция қатысушыларының назарын Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың батыл шешімдер қабылдау талап етілген тарихтың күрделі кезеңінде өзін көшбасшы ретінде көрсеткен жағдайға аударды. Ол тәуелсіздіктің алғашқы күрделі жылдары тұрақтылықты сақтап қана қоймай, сонымен бірге бірқатар өзекті сыртқы саяси бастамаларды ұсынып және табысты іске асырып, Қазақстанды дүние жүзіндегі маңызды мемлекеттер қатарына қоя білді. Атап айтқанда, оның басшылығымен Қазақстан 1992 жылы ЕҚЫҰ мүшелігіне кіріп, 2010 жылдың өзінде бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттерінің ішінде бірінші болып төрағалықты қабылдады және Астанада осы ұйымның саммитін өткізді. «Қазақстан дипломатиясының бас айналатын мұндай табысы, сөз жоқ, Президент Н.Назарбаевтың жеке өзінің күш-жігерінің арқасында мүмкін болды».  

Х.Ипек Қазақстан Басшысының дәл өзі Түркітілдес мемлекеттер парламенттік ассамблеясы (ТүрікПА), Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастық кеңесі (Түркі кеңесі), Түркі әлемінің Ақсақалдар кеңесі, Түркі академиясы сияқты түркітілдес бірігу үдерістерінің бастамашысы болып, институттандырылған негізде түркі әлемін алғашқы рет біріктіргенін ерекше атап өтті.

Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің Бас директоры (ТИКА)  С.Чам,  ТР СІМ Орталық Азия  департаментінің  директоры  Ө. Йылмаз, «Ахи Эвран» университетінің доценті К.Зорлужасаған баяндамаларында Қазақстан мен Түркия бұдан әрі де екіжақты ынтымақтастықты стратегиялық әріптестіктің жоғары деңгейінде дамытатынына сенімдерін білдірді. К.Зорлу Н.Назарбаевтың кеңестік дәуірде  жұмысшы болып жүріп демократиялық қайта құрулар туралы ашық айтуға батылы жеткенін атап өтті. Осы қасиеті оның қуатты әрі демократиялық Қазақстанның Президенті ретінде ғана емес, сонымен бірге жалпы жұрт таныған түркі әлемінің лидері ретінде де қалыптасуының негізін қалады

Сөз сөйлегендер сондай-ақ Қазақстан басшылығы мен халқын Қазақстанның «ЭКСПО-2017» бүкіләлемдік көрмені өткізу орны ретінде сайлануына байланысты құттықтады.

Іс-шараға қатысушылар атаулы күнге арналған суреттер, Елшілік баспадан түрік тілінде шығарған Қазақстан және ҚР-дағы инвестициялық ахуал туралы кітаптар көрмелерімен, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауымен, сондай-ақ Қазақстан Тұңғыш Президентінің таңдамалы туындыларының бес томдығымен танысты. ҚР Президенті туралы әдебиет және оның таңдамалы туындылары конференцияға қатысушылардың үлкен қызығушылығын туғызды. Көрмеге қойылған кітаптар ЖОО-лар, ҮЕҰ және тағы басқа ұйымдар өкілдеріне сыйға тартылды. Аталған әдебиетті Түркияның кітапханалық қорларына жіберу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Конференция аяқталған соң Қазақстанның Тұңғыш Президенті Күнінің және Қазақстан мен Түркия арасындағы дипломатиялық қатынастардың 20 жылдығының құрметіне арналған салтанатты қонақасы берілді.

Соңғы жаңалықтар