Түркияда Н.Назарбаевтың «АТОМ» және «G-Global» бастамалары талқыланды

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 10 сәуір. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың 8 сәуірі күні Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігі Түркияның жетекші «УСАК» халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығымен бірлесіп «Қазақстанның сыртқы саясаты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халықаралық бастамалары тұрғысында» атты тақырыпта «дөңгелек үстел» өткізіп, оның барысында «АТОМ» және «G-Global» жобалары таныстырылды.

Іс-шарада ғылыми-академиялық топтардың өкілдерімен, қоғамдық-саяси қайраткерлермен қатар «УСАК» стратегиялық зерттеулер орталығының басшысы, ҚР-дің ТР-дағы Елшісі Жансейіт Түймебаев, сондай-ақ Анкарада тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары мен өкілдері қатысты.

Негізгі баяндаманы жасаған ҚР Елшісі Ж.Түймебаев қатысушыларға Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауының тұрғысында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы және сыртқы саясаттағы жетістіктері туралы айтып берді. Президент Н.Назарбаевтың «АТОМ» және «G-Global» бастамаларының халықаралық ауқымдағы даму перспективалары көрсетілді, Қазақстанның өзекті мәселелер бойынша халықаралық диалогты қалыптастыру жөніндегі басымдықтары белгіленді.

«УСАК» орталығының вице-президенті Камер Касым ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жаһандық ядролық қарусыздандыру жөніндегі«АТОМ» және жаңа әлемдік экономикалық тәртіпті құру жөніндегі «G-Global» сыртқы саяси бастамаларын жоғары бағалады. Ол Қазақстанның, атап айтқанда, оның Басшысының бастамаларына аймақта ғана емес, сондай-ақ әлемдік аренада да құлақ асатын қалыптасқан мемлекет болып табылатынын тілге тиек етті. «Қазақстан ТМД, ШЫҰ, АӨІСШК, Түркі кеңесі сияқты және т.б. халықаралық интеграциялық құрылымдардың бастамашысы болып табылады, ал ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «АТОМ» жобасы - бұл бауырлас Қазақстанның жаһандық қарусыздануға қарай жасаған батыл қадамының бұрын болмаған үлгісі. Қазақстан Президентінің «АТОМ» және «G-Global» жобаларындағы ұсынған идеялары қазіргі заманға сәйкес болып қана қоймай, сондай-ақ салмақты аргументтері бар және дәлелді», - деп түйді сөзін К.Касым.

Жобаларды іске асырудың мүмкін механизмдері туралы айта келіп, түрік сарапшылары жаңа әлемдік экономикалық тәртіпті орнатумен ірі әрі дамыған елдер ғана емес, бүкіләлемдік қоғамдастық айналысқан жағдайда ғана ол жүзеге асады деген ортақ пікірге келді. Бұл ретте өзі таңдаған экономикалық даму жолының тиімділігін дәлелдеген Қазақстан осындай түрдегі жаһандық экономикалық өзгерістер бойынша бастама жасауға толық құқығы бар екендігі атап өтілді.

Тұтасымен алғанда, Түркияның сарапшылар тобы Қазақстанның «АТОМ» жаһандық ядролық қарусыздану жөніндегіжобасыжәне «G-Global» коммуникативтік алаңы бойынша бастамаларына жоғары қызығушылық көрсетіп, аталған жобаны өз ұстанымдары тұрғысынан қолдауға әзірліктерін білдірді.

Іс-шараға қатысушылар Қазақстан туралы суреттер көрмесімен және ҚР-дің ТР-дағы Елшілігі түрік тілінде әзірлеп жарыққа шығарған материалдармен, соның ішінде ҚР Президенті Н.Назарбаевтың таңдамалы туындыларының бестомдығымен, «Қазақстан-Түркия: достық пен ынтымақтастықтың 20 жылы» кітабымен, ҚР Президенті Жолдауының мәтіндері бар брошюралармен, Мемлекет басшысының «АТОМ» және «G-Global» бастамалары туралы ақпараттық брошюралармен танысты.

Соңғы жаңалықтар