Түркияда Қожанасыр апталығы өтіп жатыр - Шетелдегі қазақша БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі әдеттегідей шет елдердегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

5-10 шілде аралығында Қожанасыр апталығы өтіп жатыр - TRT

Қожанасырдың аты аталған әзіл әңгімелер дүние жүзінің көптеген жерінде айтылады. Бүгін еліміздің ең атақты әзілдерінің кейіпкері Қожанасырды еске аламыз. Қожанасыр Түркияның Орталық Анадолы аймағындағы Кония провинциясының Акшехир қаласында туды деп есептеледі, деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі .

Түркия ақпарат құралының келтірген дерегіне сүйенсек, Қожанасыр Османлы падишасы Йылдырым Биязит кезінде өмір сүрді деп қабылданады.

Әзіл патшасы саналған Қожакең - сөзге тапқырлығымен, ақылымен көпті таң қалдырып, адамдарды бір жағынан күлдірсе, бір жағынан ойландырған тарихи тұлға.

«Қожанасырдың аты аталған әзіл әңгімелер дүние жүзінің көптеген жерінде айтылады. Ол әлі де адамдарды күлдіре отырып, ойлануға шақырады», деп жазады TRT агенттігі.

Өзбекстан мен Қазақстан президенттері телефон арқылы сөйлесті - ӨзА

4 шілдеде Өзбекстан республикасының президенті Шавкат Мирзияев пен Қазақстан республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында тараптар Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі нығайтудың өзекті мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ӨзА ақпарат агенттігі.

Өзбекстан мемлекеттік ақпарат агенттігінің дерегінше, екі ел президенттері Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыруға, соның ішінде өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, өнімді өзара жеткізу салаларындағы ынтымақтастық жобаларын ілгерілетуге ерекше назар аударған.

Сондай-ақ тараптар әңгіме барысында Орталық Азия мемлекеттері басшыларының кезекті Консультативтік кездесуіне дайындық аясындағы көпжақты және өңірлік ынтымақтастық мәселелері бойынша пікір алмасты.

«Бұдан бөлек, өткен аптадағы Бішкекте өткен Қамбар Ата ГЭС-1 құрылысы жобасы бойынша Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан үкіметтік делегацияларының үшжақты келіссөздерінің нәтижелері де атап өтілді», деп жазады «ӨзА».


Жыл басынан бері 7 мыңнан астам қазақ Қазақстанға оралды - Parstoday

Биылғы жылдың басынан бері Өзбекстан, Қытай, Түрікменстан және Моңғолия сияқты әртүрлі елдерде тұратын 7 мың 500-ге жуық этникалық қазақтар өз атамекені Қазақстанға оралды.

Бұл туралы осы аптада Иранның Parstoday ақпарат агенттігі хабарлаған болатын.

Parstoday ақпарат агенттігінің келтірген дерегіне сүйенсек, Қазақстан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз орталығы сейсенбі күні биылғы 7500 адамды қосқанда 1991 жылдан бері отанына оралған қазақтардың жалпы саны 1 095 000 адамға жеткенін хабарлады.

«Еңбек жасындағы қазақ иммигранттарының саны – 62 пайыз, еңбекке жарамды жастан төмен – 1,24 пайыз және зейнеткерлер – 13,9 пайызды құрап отыр» деп жазады ирандық ақпарат құралы.

Қожаға қойылған ескерткіш туралы 10 дерек - Kaznews

Маусым айының алғашқы күні Қазақстанның Нұр-Сұлтан қаласында «Менің атым Қожа» фильмінің басты кейіпкеріне ескерткіш қойылған. Қожаға қойылған осы ескерткіш туралы 10 дерек ұсынамыз, деп жазады моңғолиялық Kaznews ақпарат агенттігі.

Аталған ақпарат агенттігі, Қожаға арналған ескерткіш «Балалар жылы» аясында 1 маусым күні ашылғанын жазады. Сонымен қатар, мақалада «Менің атым Қожа» – 1957 жылы жазылған, қазақ балалар әдебиетінің озық туындыларының бірі екенін, сондай-ақ аталған туындының авторы – балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев екенін атап өтеді.

«Менің атым Қожа» фильмнің басты кейіпкері Қожаға қойылған мүсіннің биіктігі – 183 см. Идея авторы Мұрат Қожамқұловтың бастамасымен ескерткіш қою мәселесін белгілі журналист Жанболат Аупбаев та көтерген.

Басылым «Менің атым Қожа» фильмнің басты кейіпкерінің мүсіні туралы 10 деректі ұсынған.

Айта кетейік, мүсінші Талапхан Азамат бұл идеяны жүзеге асыру үшін үш айға жуық уақыт жұмсаған. Ескерткіш Нұр-Сұлтан қаласының «Жетісу» саябағында орналасқан.


Әйгілі ақын Жамалқан Қарабатырқызы өмірден озды – Халық газеті

Бұндай ақпаратты осы аптада Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы да хабарлады.

Қытайдағы қазақ айтыс өнерінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, айтыстың мемлекеттік дәрежедегі өнерпазы, әйгілі ақын, қаламгер Жамалқан Қарабатырқызы 2022 жылы 2 шілде күні 81 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды «Халық газеті».

Айта кетейік, Жамалқан Қарабатырқызы 1940 жылы 29 қарашада Қытай Халық Республикасындағы Шыңжаңның Тарбағатай аймағындағы Жәйір тауында қарапайым отбасында дүниеге келген.

10 жасынан өлең-жырға әуестеніп, алымды, зерек болып өскен Жамалқан Қарабатырқызы домбырамен алқалы жиындарда ән айтып, қара өлең бәсекесіне түсіп, айтысқа қатыса бастайды. Жазба өлеңге де ден қойып, тырнақалды шығармалары жастайынан газет-журнал беттеріне жарияланған.

Қытайлық ақпарат құралдарының келтірген дерегіне сүйенсек, Жамалқан Қарабатырқызы айтыс өнерінде 18 мәрте 1 дәрежелі, 6 мәрте 2 дәрежелі жүлдені жеңіп алған екен, бұдан бөлек ол 2 мәрте халықаралық сыйлықтарды қанжығасына байлаған.

Соңғы жылдары халық ауыз әдебиетінің ерекшелігі мен түрлерін зерттеуге мықтап кіріскен ол, «Айтыс және менің әріптестерім», «Ауыз әдебиетіндегі әйелдердің орны», «Көркемдік пен шешендік», «Айтыстың сипаты», «Бесік жырының ерекшелігі» сияқты арнайы еңбектерін жариялады.

Жамалқан Қарабатырқызы Қытайдағы ақындар айтысын ұйымдастыру шараларына талай мәрте белсене қатысты. Сонымен қатар, ол жоғары оқу орындарында ашылған арнайы ақындар сыныптары мен қысқа мерзімді ақындар курстарына ақындық шеберліктен дәріс берген. Соңғы жылдары ақынның көптеген еңбектері мен жазбаша мұралары мемлекеттік тіл қытай тіліне аударылған.

«Ақын апамыз арамыздан озғанымен, оның ел мәдениетіне қосқан үлесі халықтың жүрегінде мәңгі сақталады», деп түйіндейді Қытайдың «Халық газеті» ақпарат порталы.


Соңғы жаңалықтар