Түркияда коронавирусқа қатысты шектеулер жеңілдетілді

None
None
АНКАРА. Анадолы-ҚазАқпарат – Түркия билігі 1 шілдеден бастап эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты коронавируспен күреске қатысты шаралар тағы да жеңілдетілетінін жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Анадолы агенттігіне сілтеме жасап.

Елдің Ішкі істер министрлігі таратқан нұсқаулыққа сәйкес алдағы бейсенбіден бастап комендант сағаты тоқтатылып, қаларалық қатынас шектеулері алынып тасталады.

Сонымен қатар, аталған мерзімде барлық жұмыс орындары ашылып, пандемияға байланысты қызметін тоқтатқан кинотеатрлар қайта жұмыс істей бастайды. Кафе мен мейрамханалар келуші санын шектемей ғимарат ішінде және далада қызмет көрсете бастайды.

Сонымен бірге 1 шілдеде үйлену тойы ашық жерде қонақ санын шектеместен өткізіледі. Концерт және фестиваль өткізуге бұған дейін белгіленген сақтық шаралары бұзылмаса рұқсат беріледі. Саябақ, даладағы серуен орындары мен кемпингтер де ашық болады.

Бангладеш, Бразилия, ОАР, Үндістан, Непал, Шри-Ланкадан келгендерді міндетті карантинге алу да тоқтатылады.

Түркияға Ауғанстан мен Пәкістаннан келген не сол елдерде соңғы 14 күнде болғандарды 14 күнге карантинге алу мерзімі 10 күнге дейін қысқартылады.


Соңғы жаңалықтар