Түркияда «Қазiргi Моңғолия. Қазақ әңгiмесi» атты кітап жарық көрді - Шетелдегі қазақ тілді БАҚ-қа шолу

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Қарттықтың бақытты кезеңіндегі Әнуар ақсақал – «Халық газеті»

Іле қазақ автономиялық облысы Күнес ауданының тұрғыны 90 жастағы Әнуар Нұрбекұлы атамыздың күнделікті ермегі есік алдындағы ағаштың саясында отырып, ойнаған балалардың қылығын тамашалау және аталық ақыл-кеңесін айту, деп хабарлайды Қытайдың «Халық газеті» ақпараттық порталы.

«Халық газетінің» мәліметінше, Әнуар қарт үнемі екі немересін ертіп атқа мініп, ат әбзелдерін жасап, кейде тіпті оларға үй тапсырмаларын орындауына көмектеседі.

Айта кетейік, Әнуар ақсақал ауылда беделі бар қарт. Туыс-туған, дос-жарандары да күн құрғатпай келіп атаның халін сұрап тұрады. Қазір жасы 90-ға келсе де атамыздың денсаулығы жақсы, бала-шағасы опалы, көрші-қолаңдары қайырымды, тұрмысы бақытты. Ол өзінің қарттық кезеңін бақытты сезінеді екен.

Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық - TRT

Қазақстан үкіметі 10 мамырда Түркиямен қол қойылған әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттаманы бекітті. Қазақстан үкіметі жариялаған қаулыда 10 мамырда Түркиямен қол қойылған әскери барлау саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама бекітілгені айтылған, деп хабарлайды Түркия радио теледидар агенттігі.

Түркиялық БАҚ-тың дерегінше, Жарлықта «Тиісті хаттама аясында тараптар әскери барлау ақпаратымен алмасу және өзекті мәселелер бойынша сараптамалық құжаттармен алмасу, аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіретін әскери және саяси жағдайға қатысты оқиғаларды бақылау, сондай-ақ халықаралық террористік және басқа да ұйымдар туралы өзара ақпарат алмасу сияқты салаларда ынтымақтасады» деп жазылған.

Иран мен Қазақстан екіжақты әріптестікті дамыту керектігін қуаттады - Pаrstodаy

Иранның Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар министрі Иса Зарепур мен Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар мен аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин екіжақты әріптестікті дамыту керегін қуаттады.

Бұл туралы осы аптада Иранның «Pаrstodаy» ақпараттық агенттігі де хабарлады.

Ирандық БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, Иса Зарепур Қазақстанға сапарының екінші күнінде министр Бағдат Мусинмен кездесіп, екіжақты әріптестікті дамыту керегін баса айтып, коммуникация және ғарыштық технологиялар салаларында ортақ тақырыптарды талқылады.

Осы кездесуде ақылды үкіметті дамыту саласында әріптестік жасау (Қазақстан – электронды үкімет саласында дамыған елдердің бірі) және ғарыш өнеркәсібі саласында да бірлесіп, екі елдің ғарыш инфрақұрылымын бірлесе пайдалану, ғарыш саласында ғылыми зерттеулерді дамыту және жерсеріктерді бірлесе жасау тақырыптары талқыланды.

Айта кетейік, ирандық компаниялардың Қазақстан нарығында жұмыс істеуі де қарастырылып, Қазақстанның Цифрлық даму министрінің қолдауына ие болды. Бір ай бұрын Қазақстанда өткен көрмеде ирандық компаниялар өз өнімдерін таныстырған болатын.

Қытайдағы қазақстандық дәрігер: Науқастармен қытай тілінде әңгімелескім келеді - CNR

Хэйлунцзян провинциясының Дачиң көз аурулар емханасындағы шетел мамандарының емдеу бөлімінде Қазақстаннан келген көз аурулар маманы Каперабеков Сыбливбек Садавич(лақап аты Бек деп аталады – авт.) 24 жылда Қытайдағы 200 мыңға жуық көз ауруына душар болған науқастарға диагноз қойды және оларды емдеген, деп хабарлайды Қытайдың CNR басылымы.

Қытайлық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, 1993 жылдан 1998 жылға дейін Бек талай рет Қытайға қызметке ұсыныс етіп шақырылған. Сонымен 1998 жылдан бастап ол Дачиң көз аурулар емханасында қызметке тұрады әрі сол емхананың шетелдік мамандар тобындағы танымал маманға айналады.

«Көз ауруын емдеумен айналысқанына көп жыл болған Бектің техникасы озық, кәсіби жақтан шебер болып, көз ауруында үнемі кезігетін ауру түрлері мен емдеуі қиын ауруларға диагноз қою, емдеу жағында мол тәжірибелерге ие. Әсіресе, көз түбі ауруын емдеуде өзінің ерекше әдісі бар», деп жазады Қытайдың CNR басылымы.

Дәрігер ретінде, науқасты көз ауруынан айықтырумен бірге, Бек жұмыстан сыртқы уақыттарында қытай тілін құлшына үйренеді. Қытайдағы 24 жылдық уақытында ол қазір Қытайлықтармен ханзу тілінде жетік сөйлесіп, еш кедергісіз қарым-қатынас жасай алатын болды.

«Күндердің бірінде науқаспен тек қана қытай тілінде сөйлесіп қана қоймай, ауру тарихын қытайша жаза алатын боламын», дейді Бек.

Түркияда «Қазiргi Моңғолия. Қазақ әңгiмесi» атты кітап жарық көрді - Kаznews

Түркияда «GÜNÜMÜZ MOĞOLİSTАN KАZАK ÖYKÜSÜ» (Қазiргi Моңғолия қазақ әңгiмесi) деген кiтап жарық көрдi. Әйгiлi HECE (XЕЖЕ) баспасынан шыққан кiтапты дайындап, түрiк тiлiне аударған – Ашур Өздемир, деп хабарлайды моңғолиялық Kаznews ақпарат агенттігі.

Аталған кiтапқа Моңғолияда туып өскен отыз үш қазақ жазушысының отыз үш әңгiмесi енген.

Моңғолиялық БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, топтамаға енген жазушылар мыналар: Мақфуз Құлыбек, Баят Жанатұлы, Соян Қажыбайұлы, Елеусiз Мұқамадиұлы, Жәмлиқа Шалұлы, Ақын Алақанұлы, Сұлтан Тәукеұлы, Шынай Раxметұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Бодауxан Тоқанұлы, Рысбек Зұрғанбайұлы, Абай Мауқараұлы, Бурақан Сағиденұлы, Бақытбек Бәмiшұлы, Сұраған Рахметұлы, Қуандық Шамахайұлы, Азатxан Мұқанұлы, Дағжан Белдеубай, Амантай Тойшыбайұлы, Ерболат Баят, Ербақыт Нүсiпұлы, Асылбек Байтанұлы, Ербол Бейiлхан, Жанарбек Ақби, Нұрлан Қабдайұлы, Нұрғайып Xавсеметұлы, Қолғанат Мұрат, Алпысбай Әбдiұлы, Бақытбек Қадыр, Манарбек Қадырбай, Қабiлет Бәделхан, Ауғанбай Санақұлы, Нұрислам Әбдiл.

Ал, кiрiспе сөз ретiнде А. Хаутайдың Моңғолия қазақтары және Моңғолиядағы қазақ әдебиетi туралы мақаласы берiлген.

Ақсақалдар бас қосты - TRT

Қырғыз елордасы Бішкекте биыл 13-ші рет ұйымдастырылған Түрік Мемлекеттері Ұйымының Ақсақалдар кеңесінің жиналысы басталды. Ақсақалдар кеңесі құрамына Түрікменстанның бұрынғы президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедов қосылды.

Бұл туралы осы аптада Түркия радио теледидар агенттігі хабарлады.

Түркиядан Әділет және даму партиясының төрағасының орынбасары Бинали Йылдырым басшылық жасаған жиналысқа ТМҰ Бас хатшысы Бағдат Әміреев, Қырғызстан өкілі Медетхан Шерімқұлов, Әзербайжан өкілі Хасан Хасанов, Қазақстан өкілі Икрам Әдірбек, Өзбекстан өкілі Бахтияр Сайфуллаев қатысуда. Түрікменстан атынан Режеп Базаров келді.

Өзбекстанда 11 қараша күні өтетін ТМҰ саммитіне тоқталған Бинали Йылдырым жиналыстағы сөзінде, 29 қыркүйек-2 қазан күндері арасында Түркияның Бурса қаласының Изник ауданында Бүкіләлемдік Көшпенді ойындары өткізіледі. Ондағы мақсат - осы ойындарды әлем елдеріне насихаттау, мәдени бірлікті нығайту.

Йылдырым осы ойындардың алдағы уақытта түрік мемлекеттері және түрік әлемі үшін олимпиада ерекшелігінде болатынын айтқан.

Йылдырым Түрікменстанның бұрынғы президенті Құрбанқұлы Бердімұхамедовтың Ақсақалдар кеңесіне қосылғанын айтқан. «Бұл – Ақсақалдар кеңесіне күш-қуат беретін маңызды қадам. Оның кеңес құрамында орын алуы бізге күш береді» деді Түркиядан Әділет және даму партиясының төрағасының орынбасары Бинали Йылдырым.

ТМҰ Бас хатшысы Бағдат Әміреев те Еуразия аумағының түрлі сынақтан өтіп жатқанын айтып, әлемде және аймағымызда болып жатқан қиыншылықтар мен емтихандар түрік мемлекеттерінің ынтымақтастығының артуы керектігін көрсететін шындық, деді.

Ташкентте ІІ Экономикалық форум өтеді - «ӨзА»

2022 жылдың 16-17 тамыз күндері Ташкент қаласында Өзбекстан Республикасының Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалығы аясында ІІ Экономикалық форум өтеді, деп хабарлайды «ӨзА» ақпараттық агенттігі.

2021 жылдың маусым айында Тәжікстанның Душанбе қаласында алғаш рет өткен форум ШЫҰ аясындағы қарым-қатынастарды дамыту және одан әрі нығайту үшін тиімді коммуникациялық алаңға айналды.


Өзбекстандық БАҚ-тың мәліметіне сүйенсек, іс-шараның негізгі мақсаты – тараптардың назарын өзара тиімді сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытудың проблемалары мен перспективаларына аудару. Сондай-ақ ШЫҰ кеңістігіндегі қарым-қатынастарды кеңейту бойынша тиімді шараларды әзірлеу.

Пленарлық отырыстардан, панельдік пікірталастар, екіжақты кездесулер, B2B келіссөздерден тұратын Форумның күн тәртібі цифрлық экономиканың әлеуетін көтеру. «Жасыл» технологияларды, өңіраралық ынтымақтастықты, инвестициялық, өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту және басқа да басым бағыттарды ашуға арналған.

Айта кету керек, ШЫҰ Экономикалық форумы үкіметаралық диалогты орнатудың ғана емес, сонымен қатар іскер топтар мен кәсіпорындар өкілдерінің өзара ынтымақтастығын орнатудың, сондай-ақ ШЫҰ кеңістігінің аймақтарына инвесторларды тартудың тиімді алаңына айналады деп күтілуде.

Халықаралық өнер сайысында Тілектес Ақылбекұлы 1 орынды иеленді - Kaznews

Шетелден келген қазақ өнерпаздары Тараз жұртын өз өнерлерімен тәнті етті, деп хабарлайды Kaznews.mn Отандастар қорының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Kaznews ақпараттық порталының мәліметіне сүйенсек, 2022 жылғы 11-12-тамыз күндері Тараз қаласындағы «Баласағұн» атындағы мәдениет сарайында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өтті. Фестивальға шетелдегі 8 елден келген өнерпаз қандастарымыз қатысты.


Фестиваль 11 тамызда жұмысын бастады. 12 тамызда қатысушылардың барлығы әр аталым бойынша өнер көрсетті. Атап айтқанда, фестиваль аясында вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме мен күй сайысы және қолөнер номинациялары бойынша 35 үміткер бақ сынасқан. Айта кету керек, бұл фестивльге қатысуға барлығы 140 үміткер тіркелді. Өнер фестиваліне Түркия, Иран, Моңғолия, Қытай, Ресей, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты мемлекеттерден келген өнерпаздар іріктелді.

Халықаралық өнер сайысының бас жүлдесін Ресейден келген қолөнерші Айнагүл Барамбаева (500 000 теңге және телевизор) иеленді.

Ал арнайы төрт аталым бойынша өткен халықаралық өнер фестивалінде Тілектес Ақылбекұлы Абай атындағы «Мүшәйра» аталымы бойынша I орынды жеңіп алған.


Соңғы жаңалықтар