Түркияда қазақтардың кіші құрылтайына дайындық жүргізілуде

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бауырлас Түркия елі өз жерінде қазақтардың кіші құрылтайын өткізуге белсенді дайындық үстінде.

Шілденің 31-інде Түркияда өтетін айтулы шараға дайындықтың жай-жапсарын ҚазАқпарат тілшісіне Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан айтып берді.

«Кіші құрылтайға 16 адамнан тұратын қазақстандық делегация мен Еуропаның 10 шақты елінен, Қытайдан қазақтар қатысады деп күтілуде. Түркияның өзінде 1000-ға жуық қазақ құрылтайға атсалыспақ. Аталмыш Құрылтай аясында Елбасының «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауын талқылауға бағытталған халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, «Ұмыт болған ұлттық тағамдарды жаңғырту», «Ұлттық киім» үлгілерінің көрмесі және Қазақстан өнер шеберлерінің гала-концерті ұсынылмақ», - деді Б.Уатқан.

Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ботагөз Уатқан шілденің 14-17 күндері дайындық барысымен танысу үшін Ыстамбұл қаласына барып қайтты.

Іссапар барысында маман Қазақстанның Ыстамбұл қаласындағы консулы Сержан Сәрсенбаевпен, Ыстамбұл қаласы әкімшілігінің мәдениет орталығының менеджері Салих Доғанмен, түрлі қоғамдар мен қорлардың жиырмадан астам басшыларымен, Қазақ-Түрік білім және зерттеу қоғамы өкілдерімен, Яссауи білім және зерттеу қауымдастығының төрағасы Гүлен Қызаршымен кездесіп, құрылтай бағдарламасымен таныстырды.

Соңғы жаңалықтар