Түркияда «Қазақстан-Түркия ынтымақтастығы және «Қазақстан-2050 стратегиясы » атты конференция болып өтті

None
None
ЫСТАМБҰЛ. 31 қаңтар.ҚазАқпарат- Түркияда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 стратегиясы» жолдауын түсіндіруге арналған шаралар жалғасуда.

Түркия Республикасындағы Қазақстан Елшілігі ұйымдастырып отырған кезекті шара аясында Елші Жансейіт Түймебаев Түркияның индустриялық аймақтарының бірі - Сакарьяға барып қайтты.

Сапар барысында провинция Губернаторы Мұстафа Бүюкпен, қала мэрі Зеки Точоглу, Сауда Палатасының төрағасы Махмұт Косемусулмен , «Сакарья» университетінің ректоры профессор Музаффер Эльмаспен, бизнес өкілдері мен мәдени қайраткерлермен кездесулер өтті.

Сондай- ақ жұмыс тобы, бірқатар өнеркәсіп нысандарына бас сұқты.

Сонымен бірге сапар аясында фотокөрме және кітаптар көрмесі жасалып, «Қазақстан-2050 стратегиясы» атты конференция өткізілді.

Қазақстан Елшісі Жансейіт Түймебаевтың аталған провинция басшылығымен болған кездесуінде Қазақстан-Түрік екіжақты байланыстарын, аймақтық ынтымақтастықты дамыту мәселелері басты тақырыпқа айналды.

Өз кезегінде Сакарья провинциясының басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерін жоғары бағалай келіп, бұл тұрғыда ҚР Президенті Н. Назарбаевтың атқарған рөлінің ерекше екенін баса айттып өтті.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Орталық Азия аймағындағы экономикасымен ішкі-сыртқы саяси жағдайы тұрақты, жетекші елдердің бірі екендігі де айтылды.

Бағдарламаның жалғасы ретінде «Қазақстан-2050 стратегиясы » жолдауының негізгі бағыттарын түсіндіруге арналған конференция өткізілді.

Жиынға қала мэрі, Сауда Палатасының төрағасы, Сакарья университеті ректоры, аймақтық қоғамдық-саяси және академиялық сала өкілдері қатысты.

Конференция барысында қала басшысы З.Точоглу, ҚР Елшісі Ж. Түймебаев, Сауда Палатасының төрағасы М.Косемусул және Денизли кәсіпкерлер Қауымдастығының төрағасы Б.Челеби сөз алды. Олар Қазақстан Басшысының Қазақстан Түрік қатынастарын және түркітілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты дамытудағы ерең еңбегін атап өтті.

Сондай-ақ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық бағытта алға жылжуын, ел Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан-2050 стратегиясы» жолдауында берілген тапсырмалар мен мақсаттар туралы да айтылды.

Өз кезегінде Ж.Түймебаев жиынға қатысушыларға Н. Назарбаевтың жетекшілігімен іске асырылып отырған ірі реформаларды, елдің экономикалық ішкі саяси жағдайы мен сыртқы саяси бағыттары туралы ақпарат берді.

Сондай-ақ Елші елдегі қуатты инвестиция салаларын, нақты инвестициялық жобалары жайында айтты, Қазақстан, Ресей мен Беларусь елдері құрған Кедендік Одақтың Түркия бизнесі үшін ұсынатын мүмкіндіктерін де назардан тыс қалдырмады.

Сонымен қатар Ж.Түймебаев сапар барысында Сакарья қаласының тоқыма, химия, металлургия, машинақұрылысы және құрылыс салалары бойынша 700-ден астам өндіріс орны орналасқан өнеркәсіп аймағын аралады.

Жалпы Сакарья провинциясы елдің автокөлік өнеркәсібі орталықтарының бірі болып табылады. Түркияның өңдірістік саласында 6-шы орынға ие. Сакарьяда 7 индустриялық аймақ бар.

Әрбір аймақта 160-тан аса зауыт пен фабрикалар жұмыс жасауда. Аталмыш аймақта Түркияның және Еуропаның алдыңғы қатарлы жеңіл және жүк тасымалдау көлігін өңдіру фабрикалары орналасқан. Мұнда «Тойота», «Отокар», «Даф-Тырсан» сияқты танымал автокөлік концерндердің зауыттары орналасқан.

Провинция басшылығы, іскер және академиялық топ өкілдері екі жақты байланыстарға оң қабақ танытты. Кездесу қорытындысында олардың барлығы Қазақстанмен тығыз байланысты одан әрі дамытуға қызығушылықтарын білдірді.

Соңғы жаңалықтар