Түркияда Қазақстан Президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс беру аяқталды

Фото:
АНКАРА. ҚазАқпарат - Түркия Республикасында ұйымдастырылған барлық үш сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түркиядағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктерінде жергілікті уақытпен таңғы сағат 7:00-ден бастап №286, 255 және 296 сайлау учаскелері жұмыс істеп, тура сағат 20:00-де дауыс беру тоқтатылды.

Түркияда күні бойы қазақ азаматтарының жоғары белсенділігі байқалды. Сайлау уақыты аяқталмай жатып сайлаушылар азаматтық құқықтары аясында таңдау жасау үшін сайлау учаскелеріне келді. Түрік жерінде азаматтық ұстанымын көрсеткен қазақстандықтардың басым бөлігі студенттер, туристер, кәсіпкерлер, сондай-ақ дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері болды.

Түркияда ашылған үш сайлау учаскесінде де сайлаушыларға барлық жағдай жасалған. Шалғай өңірлерден келген студенттер көлікпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, денсаулығына байланысты сайлау учаскелеріне бара алмаған қазақстандықтар үшін жылжымалы жәшіктер ұйымдастырылды.

Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің мәліметінше, дауыс беруге тіркелген азаматтардың жалпы саны 1000-нан асады.

Анкарадағы сайлау учаскесінде көп адам дауыс бергені, болжам бойынша жалпы сайлаушылардың қатысуы шамамен 100 пайызды құрағаны атап өтілді. Қазақстан азаматтары жақсы белсенділік танытты.

Анкара, Ыстамбұл және Анталиядағы сайлау учаскелері жабылды. Осы уақытта комиссия мүшелері дауыстарды санап жатыр.

Түркиядағы түрлі халықаралық ұйымдар өкілдерінен жасақталған тәуелсіз бақылаушылардың сөзінше, дауыс беру барысында заң бұзушылықтар анықталмаған. Сайлау құқықтары мен барлық дауыс беру процедуралары сақталды.


Соңғы жаңалықтар