Түркияда қазақ мәдениетін насихаттайтын қоғам құрылды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Анкара қаласында «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамының ресми таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркия Радио Теледидар мекемесінің сайтына сілтеме жасап.

Жаңа қоғам өкілдері бауырлас түрік елінде қазақтың ұлттық мәдениеті мен дәстүрін насихаттап, қызығушылық танытқандарға қазақ тілін, домбырасын және қазақ қолөнерін үйретпек.

Салтанатты жиынға Қазақстанның Түркия Республикасындағы Өкілетті және Төтенше елшісі Абзал Сапарбекұлы қатысты. Ол жаңа құрылған қоғамның істерін жоғары бағалады және оның қазақ-түрік қарым- қатынастарына тың серпін беріп, алға қарай жетілдіретініне, мәдениет, өнер және гуманитарлық салада орасан зор үлес қосатынына сенім білдірді.

«Мұндай қоғам Түркиядағы қазақ қауымы үшін өте қажет еді. Түркияға Қазақстаннан келген қазақтар арасында мұндай қоғам болмаған. Яғни, Қытай асып, Түркияға жеткен қазақтардың түрлі қорлары, бірлестіктері бар. Ал тәуелсіздік алған сәттен кейін, Қазақстаннан келген қандастардың басын біріктіретін ұйымдар құрылмаған», - деді Қоғамның құрылтайшы мүшесі Торғын Сұлтанқызы ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Оның айтуынша, «Көк ту» қазақ мәдениеті қоғамы 2018 жылдың наурыз айында құрылған.

«Түркияда білім алып, осында қызметке тұрып, еңбек етіп жүрген қазақтардың басын қосатын мәдени қоғам керек деп ой бөлісіп жүр едік. Биыл Наурыз айында ойымыз іске асты және Анкарада Наурыз мейрамын тойладық. Дарынды жас суретші Кәрім Байғұтовтың сурет көрмесін аштық», - деп өз сөзін жалғады Т. Сұлтанқызы.

Сонымен бірге, Торғын Сұлтанқызы қоғам мүшелігіне қазақтар ғана емес, Қазақстанды, қазақ мәдениетін жақсы көретін түріктердің де мүше бола алатынын жеткізді.

«Бастапқыда 7 адам болып құрған қоғамымыз қазір тағы 20 адамға жетті. Олардың арасында әр түрлі мекемелерінде жұмыс істейтін қазақ мамандар, студенттер және Түркия азаматтары да бар. Біздің қоғамымыздың мақсаты - қазақ мәдениетін Түркияда жаңғырту, қазақтың ұлттық мәдениетін, дәстүрін, ғұрпын таныстыру, насихаттау, болашақ ұрпаққа жеткізу. Алға қойған жоспарымыз көп. Концерттер мен көрмелерден бөлек, қазақ тілі, домбыра, қазақ қолөнері сынды үйірмелер ашуды көздеп отырмыз», - дейді Торғын Сұлтанқызы.

null

Соңғы жаңалықтар