Түркияда қазақ ақыны Рафаэль Ниязбекке халықаралық сыйлық табыс етілді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Түркияда Токат провинциясына қарасты тариxи Никсар муниципалитетінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Рафаэль Ниязбекке Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TÜRKSAV) «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығы салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстанның Түркиядағы Елшілігіне сілтеме жасай отырып.

Елшіліктің хабарлауынша, марапаттау рәсімі аясында түрік тіліне аударылған «Біз осындай елміз» атты жыр жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.

Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин жиналғандар алдында қаламгерді таныстыра келе, «Түркітілдес елдер әдебиетінің ірі өкілі, көрнекті ақын Рафаэль Ниязбек - қазіргі қазақ поэзиясындағы айтулы есімдердің бірі. Туыстас түркі жұртының маңдайына біткен ақын Мағжан Жұмабаев поэзиясының, шығармашылық өмір жолының жалғасы. Ақынның өлеңдерінде түркі халықтарының ортақ идеясы сақталған. Біздер - түркітілдес мемлекеттер ұзақ және тамырлас ортақ тарихымызда әртүрлі аймақтарға бөлініп, түрлі саяси өзгерістердің жетегінде жүрдік. Бірақ соған қарамастан түбіміздің бір, тіліміздің бір, діліміздің бір екендігін еш уақытта ұмытқан емеспіз», - деп атап өтті.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің қолдауымен, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының демеушілігімен жарық көрген «Біз осындай елміз» жыр жинағының тұсауын Токат провинциясы Никсар муниципалитетінің губернаторы Селами Капанкая, Никсар муниципалитетінің мэрі Өздилек Өзжан, Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының президенті Яхия Акенгин кесті. Өлеңдерді түрік тіліне аударған жазушы-дипломат Мәлік Отарбаев. Кітаптың алғысөзін Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлы және Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуп Омароғлы жазған.

Рафаэль Ниязбек өз кезегінде Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаевтың осы шараға арнайы жіберген құттықтауын жеткізе отырып, «Ататүрік елінде» өлеңін оқыды. Сондай-ақ осыған дейін Шешенстан Мемлекеттік сыйлығы тапсырылғанын айта келе, «Түркі әлемінен алған марапат ерекше ыстық әрі бәрінен қымбат. Қазақ әдебиеті үшін үлкен мәртебе»,- деп ризашылығын білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, 1996 жылы құрылған Түркі әлемі жазушылар және өнерпаздар қорының (TÜRKSAV) «Түркі әлеміне қызметі үшін» халықаралық сыйлығы Рафаэль Ниязбекпен қатар, әзербайжандық жазушы Сона Валиева, неміс мәдениет қайраткері Мұса Сердар Челеби, нидерландық мәдениет қайраткері Меxмет Түтінжү, түрік тариxшысы Аxмет Ташағыл, Рефик Тұран, әдебиеттанушы Рамазан Коркмаз, журналист Тұран Шаxинбаш, «ТРТ» музыкалық телеарнасы, «Айла» тарихи фильміне де берілді.


Фото: alashainasy.kz

Соңғы жаңалықтар