Түркияда халықаралық айтыс өтеді

None
None
АНКАРА. ҚазАқпарат – Бүгін Түркия астанасы Анкара қаласында бес ел шайырының қатысуымен тұңғыш рет халықаралық айтыс өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айтулы додаға Қазақстан атынан азулы ақындар Бекарыс Шойбеков, Айбек Қалиев, Әсем Ережеқызы, Мұхтар Ниязов және Бекарыс Нұриман қатысады. Ал қырғыз елінің намысын Азамат Болғонбаев пен Асылбек Маратов қорғамақ.

Сондай-ақ Әзербайжаннан Рамин Гараев, Өзбекстаннан Бахтиор Артиков, Түркиядан Темел Тураби, Мустафа Айдын, Яшар Демироғлы ақындар айтысын қыздыра түспек.

Алдын ала тартылған жеребеге сәйкес, ең алдымен Рамин Гараев пен Яшар Демироғлы сөз қағыстырса, одан кейін Асылбек Маратов пен Бахтиор Артиков, Бекарыс Нұриман мен Мустафа Айдын, Мұхтар Ниязов пен Бекарыс Шойбеков, Әсем Ережеқызы мен Темел Тураби, Айбек Қалиев пен Азамат Болғонбаев айтысады.

Айтыскер ақындар қазақ, түрік, өзбек, қырғыз, әзербайжан тілдерінде тартысқа түседі.

Мәселен, Әсем Ережеқызы мен Темел Тураби арасындағы айтыс таза түрік тілінде өтсе, қырғыз бен өзбек ақындарының айтысы екі тілде қатар өрбитін болады.

Айта кетейік, бұл - ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының қазақтың төл өнері айтысты түркі әлемнің танытуға бағытталған алғашқы жобасы.

Аталған ұйымның бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің айтуынша, жоба бұл жолы жақсы нәтиже көрсетер болса, ТҮРКСОЙ оны жыл сайын Анадолы төрінде өтетін түркі халықтарына ортақ дәстүрлі мәдени іс-шараға айналдырмақ ниетте.


Соңғы жаңалықтар