Түркияда «Еуразияның асқақтаған жұлдызы - Қазақстан» атты кітап жарық көрді

None
None
None

ЫСТАМБҰЛ. 22 тамыз. ҚазАқпарат /Ирина Дынникова/ - Түркияда ағымдағы жылдың тамыз айында Ыстамбұл Сауда Палатасы Мимар Синан университетінің тарих ғылымының докторы, шоқайтанушы, ғалым Әбдіуақап Қара және Оқан Йешілот бірлесіп жазған «Еуразияның асқақтаған жұлдызы - Қазақстан» атты кітапты түрік тілде бастырып шығарды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы жан-жақты байланыстардың уақыт өте келе одан әрі дамып, нығаюын ескере отырып, Қазақстан экономикасы туралы статистикалық мәліметтерге бай бұл басылым түрік іскерлеріне арналып отыр.

Кітаптың алғашқы тарауларында көне дәуірлерден бастап қазіргі Қазақстан тарихының негізгі белестері ашып көрсетілген. Осылайша оқырманның Қазақстанның бүгінгі күнге қалай жеткені жайында толыққанды мағлұмат алуына көмектесіп отыр. Бұдан кейінгі тарауларда жағрапиядан, сыртқы саясаттан, сауда және ел экономикасына дейін бүгінгі Қазақстанның жетістіерімен таныстырып, бұл салаларда ең соңғы тың деректер мен статистикалық мәліметтер берілген.

Кітаптың алғы сөзінде былай делінген: "Қазақстан 1991 жылы 16 желтоқсанда Кеңес Одағынан тәуелсіздігін жариялаған уақытта көптеген адамдар бұл елдің болашағына күдікпен қараған еді. Өйткені, ең бастысы елдің демографиялық құрамы біркелкі емес еді. Мемлекеттің негізін қалаушы қазақтар 140-тан астам ұлттың өкілдері өмір сүрген елдің жалпы халық санының жарымына да жетпейтін. Бұл жағдай Қазақстанда этникалық қақтығыстардың белең алуы жөнінде алаңдаушылық туғызды. Сонымен қатар Кеңес Одағынан мұраға қалған ел экономикасында өндіріс орындары жоқтың қасы болды. Елдің мемлекеттік бюджеті мен валюта қоры сынды қаржылық құрылымдары да тәуелсіз бір мемлекеттің бүкіл қажеттіліктерін қамтамасыз ететін дәрежеде емес еді. Міне осындай жағдайлар, жаңа тәуелсіз мемлекеттің болашағы қалай болар екен, деген сұраққа түрткі болып отырды.

Бірақ арада 20 жыл уақыт өткеннен кейін, бүгінгі таңда Қазақстанның экономика, сыртқы саясат, ғылым және мәдениет салаларында қол жеткізген жетістіктері таңғаларлықтай. Бір мемлекет үшін қысқа деп айтуға болатын мезгілде Қазақстанның өзін Орта Азияның жарқыраған жұлдызына айналдырған табыстарға қол жеткізді. Осындай орасан зор табысқа жетуде 1989 жылдан бері қарай елге бағыт-бағдар беріп отырған тәжірибелі мемлекет қайраткері Нұрсұлтан Назарбаевтің рөлі зор болды. Көп жақты және жаңашыл саясат шараларымен елді қысқа уақытта аяғына тік тұрғызған Назарбаев тек өзі жетекшілік еткен Қазақстанға ғана емес, сонымен қатар ортаға салған пікір және ұсыныстарымен түркі әлеміне де жол ашып беріп отыр. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсыныстарымен өмірге келген кейбір түркі мемлекеттік ұйымдарды атап өтер болсақ: Түркі тілдес елдер Мемлекет басшыларының тұрақты кеңесі, Түркі тілдес елдер Парламенттік Асамблеясы және Түркі Академиясы мен Түркі тілдес халықтар Ақсақалдар Кеңесі.

Түркия да Қазақстанға жоғары деңгейде көңіл бөліп отыр. Қазақстан жағарапиялық орналасуы, табиғи байлықтарымен Түркия үшін маңызды бір ел болып саналады. Түркия мен Қазақстанның соңғы уақыттарда сыртқы саясатта жүргізген кең көлемді іс-шаралармен екі ел арасындағы қарым-қатынастар күн өткен сайын маңызды сипат алуда және нығаюда. Мұның өзін тек екі арасындағы тарихи тамыры терең туыстық байланыстармен түсіндіру аздық етеді. Бұл сонымен қатар екі елдің геостратегиялық орналасулары мен сыртқы саясаттағы бейбітшіл мақсаттарындағы сабақтастықпен де тығыз байланысты».

Автор Әбдіуақап Қара өз сөзінде: «Қазақстанды өзекті мәліметтермен жан-жақты таныстыратын бір кітаптың қажет екендігін басшылыққа алып, осы еңбекті дайындадық. Бұл кітап әсіресе іскер азаматтарға арналғандықтан экономикалық тақырыптарға көбірек орын бердік. Сөйтіп екі елдің шаруашылық байланыстарының одан әрі дамуына жанама түрде де болса өзімізше үлес қосуды ойладық», - деп атап көрсетті.

Соңғы жаңалықтар