Түркияда Естай Беркімбайұлын еске алу күндері өтті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Түркияның Ыстанбұл және Анкара қалаларында  қазақтың көрнекті композиторы, әнші, ақын Естай Беркімбайұлын еске алу күндері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойына орайластырылған шараны ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымы, Павлодар облысының әкімдігі және Павлодар мемлекеттік педогогикалық университеті ұйымдастырды.

Алғашқы конференция Ыстанбұл қаласындағы Айдын университетінде өтті. Оған аталған университеттің ректоры Ядыгар Измирли, Әдебиет және өнер факультетінің деканы Нүкхет Чыкрыкчы, белгілі түркітанушы ғалым Шұғайып Каракаш, ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Фырат Пурташ және қазақстандық делегация өкілдері - Павлодар облыстық маслихат хатшысы Бақыт Бексейітова, Павлодар мемлекеттік педогогикалық университетінің ректоры Алтынбек Нұхұлы, осы университеттің профессоры Мұхит Омаров, Естай Беркімбайұлының туысы Әбілхақ Түгелбаев сөз сөйлеп, ақынның шығармашылығы, музыкалық мұрасы, қазақ мәдениетіне қосқан үлесі туралы ғылыми баяндамалар жасады. Конференцияға университет профессорлары мен студенттері, Ыстанбұлдағы қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Шара соңында қазақстандық өнерпаздар Естай әндерін орындап, шағын концерт берді.
null 

Екінші жиын Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының штаб-пәтерінде ұйымдастырылды. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов атап өткендей, бұл шара Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында жазылған түркітілдес халықтардың мәдени ықпалдастық идеясына сай.

«Бүгінде бүкіл әлемдік аренаға таныла бастаған Естай мұрасын ұлықтауды түркітілдес туыс халықтар бірігіп атқаруға тиіспіз», - деді ол.

Павлодар облыстық маслихат хатшысы Бақыт Бексейітова облыс әкімі атынан құттықтауын жеткізіп, шараны ұйымдастырған ТҮРКСОЙ ұйымына алғысын білдірді. Баяндамашылар Алтынбек Нұхұлы мен Мұхит Омаров Естай Беркімбайұлының мұрасы туралы жан-жақты әңгімеледі. Жиынға арнайы шақыртылған белгілі опера әншісі, ҚР мемлекеттік сыйлығының иегері Шахмардан Әбілов, Естай атындағы музыкалық мектептің директоры, әнші Медғат Манапов, «Қазақконцерт» бірлестігінің әншісі Асқар Мұқият Естай шығармаларын орындап, түрік көрерменінің құрметіне бөленді.
null 

Қазақ халқының көрнекті композиторы, әнші, ақын Естай Беркімбайұлының 150 жылдық мерейтойына орай, ТҮРКСОЙ штаб-пәтерінде өткізілген шараға Түркиядағы  Қазақстан елшілігінің дипломаттары, түрік зиялы қауымы мен қазақ диаспорасы өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар