Түркия үшінші жыл қатарынан Қазақстанға рекордық инвестициялар салып келеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Пандемияға қарамастан үшінші жыл қатарынан Қазақстанға Түркиядан рекордық көлемде инвестициялар салынды. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Түркия – Қазақстанның ең сенімді сауда-экономикалық және иивнстициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 33 процентке өсіп, 4,1 млрд доллардан асты. Соңғы 15 жылда Түркия ел экономикасына 3,5 млрд доллардан астам инвестиция салған. Қазақстан Республикасы тарапынан Түркияға 1 млрд доллардан астам инвестиция барды», - деді Ә. Смайылов «Rixos President Astana» қонақ үйінде Қазақстан-Түркия бизнес-форумында.

Үкімет басшысы түрік инвесторларының Қазақстанға деген қызығушылығының айтарлықтай өскенін атап өтті. Пандемияға қарамастан үшінші жыл қатарынан Қазақстанға Түркиядан рекордық көлемде инвестициялар салынды.

«Өткен жылдың 9 айының қорытындысы бойынша түркиялық тікелей шетелдік инвестициялар екі есеге артып, 535 млн долларды құрады. Бұл Қазақстанға деген үлкен сенімнің белгісі, әрі біздің еліміздегі оңтайлы инвестициялық ахуалдың көрінсі. Қазақстан COVID-19 пандемиясына байланысты экономикалық қиыншылықтарды сәтті еңсерді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 4 процентті құрап, өнеркәсіптің пандемияға дейінгі көрсеткіштерінен асып түсті. Нақты сектор өнеркәсіптің дрвайвері болды. Өнеркәсіп өсімі 3,8 процентті құрады. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 5,5 процентке өсті», - деді Әлихан Смайылов.

Шикізаттық емес сектордағы жоғары инвестициялық белсенділік өсімнің негізгі факторы болды. Аталған сектордағы инвестициялар 9,5 процентке өскен.

2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Қазақстанға келетін жалпы тікелей шетелдік инветсициялар 50 процентке артып, 18,8 млрд долларды құрады. Сыртқы сұраныстың аруты да өсімге әсер етті. Тауар экспорты 27 процентке артты, өңделген тауарлар экспорты 32 процентке өсіп, 19,8 млрд долларды құрады. Оң сауда балансы өткен жылғы деңгейден 2,2 есеге артты.

Айта кетейік, елордада Түркия Республикасының Вице-Президенті Фуат Октай мырзаның Қазақстан Республикасына сапары шеңберінде Қазақстан-Түркия бизнес-форумы өтіп жатыр.

Қазақстан мен Түркия 68 тармақтан тұратын бірлескен іс-қимыл жоспарын қабылдады. Онда сауда, өнеркәсіп, инвестиция, көлік пен транзит және тағы басқа салалар қамтылған.


Соңғы жаңалықтар